Әлеумет

БҰҰ журналист Думан Мұхаммедкәрімді дереу босатуға шақырды

БҰҰ журналист Думан Мұхаммедкәрімді дереу босатуға шақырды

Думан Мұхаметкәрім

Біріккен Ұлттар Ұйымының негізсіз қамауға алу мәселелері жөніндегі жұмыс тобы қазақстандық журналист Думан Мұхаммедкәрімнің бас бостандығынан айырылуын халықаралық құқыққа қайшы деп таныды. БҰҰ сарапшылары Қазақстан билігін журналисті дереу босатуға шақырған.

Бұл туралы Қазақстанның адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы мәлімдеді.

БҰҰ жұмыс тобының № 18/2026 қорытындысы 2026 жылғы 26 наурызда қабылданып, 12 мамырда жарияланған. Алайда құжатқа қатысты ақпарат Қазақстанда 17 қарашада кеңінен тарады.

Халықаралық сарапшылар журналистің қамауға алынуын бірден төрт санат бойынша негізсіз деп таныған. Атап айтқанда, оны бас бостандығынан айырудың жеткілікті құқықтық негізі болмағаны, сөз бостандығы мен саяси құқықтарын пайдаланғаны үшін қудаланғаны, әділ сот талқылауына қатысты құқықтарының бұзылғаны және саяси көзқарасына байланысты кемсітушілікке ұшырағаны көрсетілген.

БҰҰ жұмыс тобының тұжырымынша, Мұхаммедкәрім журналистік қызметі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сарапшылар оның оппозициялық саясаткерден сұхбат алуын тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу ретінде бағалаудың құқықтық негізіне күмән келтірген.

Сонымен қатар халықаралық сарапшылар сот процесінің жабық өтуіне, қорғаушы тараптың дәлелдерінің жеткілікті ескерілмеуіне және соттың бейтараптығына қатысты мәселелерге назар аударған.

Құжатта журналистің түрмедегі жағдайы да сөз болған. Атап айтқанда, камерадағы желдетудің нашарлығы, жарықтың тәулік бойы сөндірілмеуі, серуендеуге шығу мүмкіндігінің шектелуі және ұзақ уақыт оқшау ұстау жағдайлары алаңдаушылық туғызатыны айтылған.

БҰҰ жұмыс тобы Қазақстан билігін Думан Мұхаммедкәрімді дереу босатуға, оған келтірілген зиян үшін өтемақы төлеу құқығын қамтамасыз етуге және құқықтарының бұзылуына қатысты тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырды.

Адам құқықтары бюросының мәліметінше, халықаралық қорытынды жарияланғаннан бері алты ай өткеніне қарамастан, журналист әлі де қамауда отыр. Қазақстан билігінің БҰҰ ұсынымдарының орындалуы туралы жауап жолдағаны әзірге белгісіз.

Еске салайық, Думан Мұхаммедкәрім – қоғамдық-саяси тақырыптарды көтеріп жүрген журналист, "Ne Deidi" YouTube арнасының авторы. Ол 2023 жылы ұсталып, 2024 жылғы 2 тамызда жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Сот оны экстремизмді қаржыландыру және тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу баптары бойынша кінәлі деп таныған. Қылмыстық іс журналистің шетелде жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбатымен байланысты.

2024 жылғы қарашада апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз