Әлеумет

Қазақстанда "Buyers Union" қаржы пирамидасына 332 адам 562 млн теңгеден астам ақша салған

Қазақстанда "Buyers Union" қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген бес адамға қатысты тергеу аяқталды.

Қаржы пирамидасы

Тергеу материалдары сотқа жолданды. Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті күдіктілердің 332 азаматпен жалпы сомасы 562 миллион теңгеден асатын келісімшарт жасасқанын анықтаған.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер заңсыз қызметін жасыру үшін тұтыну кооперативі ретінде жұмыс істеген. Олар ірі бизнес орталықтарынан кеңселер жалдап, еліміздің бірнеше қаласында бөлімшелер ашқан. Атап айтқанда, ұйым Астана, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Тараз, Шу, Алматы және Шымкентте қызмет көрсеткен.

Әлеуметтік желілер мен интернет платформаларында азаматтарға баспана немесе көлік сатып алуға пайызсыз қарыз беру, қолданыстағы несиелерді қайта қаржыландыру және Trade-in бағдарламаларын ұсыну туралы жарнама жарияланған.

Алайда мұндай мүмкіндіктерді пайдалану үшін азаматтар кооперативке жаңа мүшелер тартуы керек болған. Қатысушылар алдымен бастапқы жарнасын төлеп, кезекке тұрған. Ал олардың кезекте ілгерілеуі жаңадан қосылған адамдардың қанша қаражат салғанына байланысты болған.

Кооператив мүшелерімен байланыс орнату және олардың салымдарын бақылау үшін "TrustContact" пен "TrustMe" цифрлық платформалары қолданылған. Бұл сервистер арқылы келісімшарттарды онлайн рәсімдеп, жеке кабинетке кіруге, салынған ақша мен кезектің қозғалысын бақылауға мүмкіндік берілген.

Соттың санкциясымен алты автокөлікке, 5 513 USDT және 1 003 Futeres көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынған.

Қазір қылмыстық іс сотқа жіберілді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге деректері жария етілмейді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз