«Ауламыз транзитті жолға айналмақ»: Алматыдағы «Премьера» тұрғындары әкімдікке шағымданды
Алматының Наурызбай ауданындағы «Премьера» тұрғын үй кешенінің тұрғындары Төле би көшесін ұзарту жобасына байланысты алаңдаушылық білдірді.
Олардың айтуынша, жол ашылғаннан кейін көлік ағынының едәуір бөлігі тұрғын үй кешенінің ішкі аумағы арқылы өтуі мүмкін. Тұрғындар бұл балалар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп есептейді.
Тұрғындар әлеуметтік желіде Алматы әкімдігі мен жауапты қалалық қызметтерге үндеу жариялады. Олардың сөзінше, Төле би көшесін ұзарту жұмыстарына байланысты жасалып жатқан кіреберістің бірі тұрғын үй кіреберісіне қарама-қарсы орналасқан.
«Бұл – күн сайын балалар, қарттар және мүмкіндігі шектеулі жандар жүретін шағын аулаішілік көше. Қазірдің өзінде мұндағы жолдар өте тар», – дейді тұрғындар.
Оларды алаңдатқан негізгі мәселенің бірі – арнайы техниканың қозғалысы. Егер кешен ішіндегі көлік саны күрт артса, төтенше жағдай кезінде жедел жәрдем мен өрт сөндіру машиналарының тұрғын үйлерге кедергісіз жетуі қиындауы мүмкін деп қауіптенеді.
«Төтенше жағдай кезінде өрт сөндіру көлігі, жедел жәрдем және басқа да арнайы техника бұл аумаққа қалай кіріп-шығады? Енді тұрғын үй кешенінің ішімен көліктерге арналған төте жол салу жоспарланып отыр», – делінген үндеуде.
Әкімдікті кешкі уақытта келуге шақырды
Тұрғындар Наурызбай ауданы әкімдігі мен жауапты мамандарды мәселені қағаз жүзінде ғана қарастырмай, «Премьераға» арнайы келуге шақырды. Оның үстіне кешкі уақытта – ауладағы көлік пен тұрақ мәселесі барынша сезілетін кезде жағдайды көруді сұрап отыр.
Тұрғындар жаңа жол салуға немесе қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға қарсы емес екенін атап өткен. Алайда магистральдық жолды дамыту кезінде бұрыннан қалыптасқан тұрғын ауданның қауіпсіздігі ескерілуі керек деп санайды.
«Инфрақұрылымды дамыту бұрыннан бар тұрғын үй кешенінде тұратын мыңдаған адамның қауіпсіздігі мен қалыпты өміріне зиян келтірмеуі керек. Шешім қабылдамас бұрын осында келіп, жағдайды көзбен көріп, жан-жақты бағалауларыңызды сұраймыз», – дейді тұрғындар.
Үш талап қойды
«Премьера» тұрғындары жаңа жолдың салынуына немесе қаланың көлік инфрақұрылымының дамуына қарсы емес екенін атап өтеді. Алайда жаңа инфрақұрылым бұрыннан тұрып жатқан адамдардың қауіпсіздігі мен өмір сүру жағдайын қиындатпауы керек деп есептейді.
Осыған байланысты тұрғындар мемлекеттік органдарға үш негізгі талап қойған:
- ұсынылып отырған кіреберіс нұсқасын жүзеге асыруды барлық мән-жай анықталғанға дейін тоқтату;
- тұрғын үй кешеніне кіріп-шығудың қауіпсіз балама нұсқасын қарастыру;
- жауапты мемлекеттік органдар мен жобалаушы ұйым өкілдерінің қатысуымен тұрғындармен кездесу өткізу.
«Жол инфрақұрылымына қатысты шешімдердің балаларымыздың қауіпсіздігі мен тұрғындардың өмір сапасы есебінен қабылдануына үзілді-кесілді қарсымыз», – делінген ұжымдық өтініште.
Тұрғындар олардың пікірі ескерілмей жоба жүзеге асырылған жағдайда басқа мемлекеттік органдарға жүгініп, мәселені қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының назарына кеңінен шығаруға ниетті екенін де ескерткен.
Төле би көшесін ұзарту жұмыстары жүріп жатыр
Төле би көшесін батыс бағытта ұзарту – Алматының жол инфрақұрылымындағы ірі жобалардың бірі. Жоба бұған дейін де бірнеше кезеңмен жүзеге асырылып келген. Қала әкімдігінің ресми материалдарында Төле би көшесін Алатау даңғылынан Жүнісов көшесіне дейін ұзарту жұмыстары көрсетілген.
2026 жылғы сәуірде Төле би көшесін Әшімов көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жобасы аясында жерасты газ құбырларын көшіру жұмыстары жүргізілген. Сол кезде «Премьера» қазандығына газ беру де уақытша тоқтатылған.
Қазіргі уақытта «Премьера» тұрғындарының көтеріп отырған мәселесіне байланысты Наурызбай ауданы әкімдігі немесе Алматы әкімдігі ресми түсініктеме берген жоқ.