Ауыл клубында оқып жүр, талай қазақ баласы...
Биыл Павлодар облысының жүздеген оқушысы 1 қыркүйек күні әдеттегідей мектепке емес, мәдениет үйлеріне баруға мәжбүр болды.
Шәкірттердің енді бір бөлігіне жөндеуі жарты жолда қалған білім ордасының табалдырығын аттауға тура келді. Жауапсыз мердігерлер мен бақылаудың не екенін білмейтін кейбір шенеуніктердің кесірінен балалар қолайсыз, әрі қауіпті жағдайда білім алуға мәжбүр. Бірақ бұл жерде білімнің сапасы туралы сөз қозғаудың өзі артық.
Биыл Павлодар облысының білім беру саласын әжептеуір жарылқады. Осы салаға бұрын-соңды берілмеген қаражат бөлінді. Мектептерді күрделі жөндеуге жұмсалатын қаражат бірден 14 есеге өсіп, 9,2 млрд теңгеге жетті. Басқа аймақтардың бірде-біріне бұйырмаған мұндай қыруар ақша 46 мектептің жаңаруына бағытталуы тиіс еді. Алайда іс жүзінде оның тиімсіз пайдаланғаны тайға таңба басқандай анық көрініп тұр.
Олай деуіміздің себебі – 46 мектептің жартысына жуығы 1 қыркүйекке дайын болған жоқ. Өңірдегі 19 мектепте жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Соның салдарынан ауыл балалары жергілікті клубта, қала балалары жартылай ғана жөнделген мектепте оқып жүр.
Мысалы, Ертіс ауданы Голубовка ауылындағы Абайдың есімін арқалаған орта мектептің балалары білім күнін мәдениет үйінде қарсы алды. Бұл жер оларға таңсық емес. Себебі шенеуніктер өткен оқу жылының соңында «Мектептеріңді 1 қыркүйекке дейін қатырып, жөндеп береміз. Оны уақытылы аяқтау үшін қазір мәдениет үйіне көшулерің керек» деп, 113 бала мен мұғалімдерді білім алуға мүлде келмейтін клубқа жіберген еді. Ата-аналар әкімдік пен мердігерлер сөзінде тұрар деген үмітпен бұған келісіп, балаларын клубқа апаратын болған. Алайда олардың үміттері ақталған жоқ. 55 жыл жөндеу көрмеген мектепте жұмыстар әлі жасалып жатыр. Оның жөндеуіне бюджеттен 150 млн теңге бөлінген еді.
Оқу жылының аяқталуына екі ай қалғанда балаларды аурухана мен мәдениет үйіне жіберді. Олар сабақтарын сол жерде оқыды. Мердігерлермен сөйлескенімізде, жөндеуді жылдың соңында бір-ақ бітіретінін айтты. Сонда 100-ден астам бала жаңа оқу жылын қайда, қалай бастайды? Ауданның бұрынғы басшысы Аян Бейсекин есептік кездесулер кезінде 1 қыркүйекке дейін жұмыстың толық аяқталатынын айтқан еді. Әкімнің сөзі жалған болғаны ма? – деп, ауылдықтар жаңа оқу жылы басталмас бұрын дабыл қаққанымен, мердігерлер міз бақпай отыр. Ауданның билігі жөндеу осы айдың соңында ғана аяқталатынын айтып, балаларды қайтадан мәдениет үйіне қарай бағыттады.
Ақсу қаласына қарасты Сарышығанақ ауылындағы орта мектепте де дәл осындай жағдай. Мұндағы орта және жоғары сынып оқушылары да ауылдық клубқа қойылған парталарға отырды. Бастауыштың балалары көрші ауылға күнде барып-келіп оқиды.
Өкінішке қарай, облыс басшылығының елді мекендердегі оқу орындарына барып, мердігерлерді «сілкіп» алғанын көрмедік. Тамыз айының соңында өңірдің әкімі Әбілқайыр Сқақов Павлодар қаласындағы бірнеше мектепті ғана аралаған болатын. Себебі облыс орталығындағы күрделі жөндеу жағдайы да мәз емес. Қаладағы №9, 22 мектептерде жаңарту жұмыстарының бітер түрі жоқ. Сол кезде Әбілқайыр Сқақов бір уақытта бірнеше мектептің жөндеуін бір-ақ алған мердігерлерге ескерту жасап, жылдамдықты арттырып, сапаны басты назарда ұстауды қатаң ескерткен болатын. Әйтпеген жағдайда сотқа арыз берілетінін де ескертті. Алайда бұдан сабақ алған мердігерлер жоқ. Олқылығы көп білім беру мекемелеріндегі жөндеуге шымкенттік «ГрадСтройСервис» пен «КазЕвроСтрой» компаниялары жауапты. Кейбір әлеуметтік желілерде екі компанияның арғы жағында «іргесі» мықты адамдар тұрғаны айтылады. Бірақ бұл гу-гу әңгімені растайтын нақты фактілер әзірше жоқ.
Облыстық білім беру басқармасына жақында тағайындалған жаңа басшы Самал Айтқазина жұмысты уақытынан кешіктірген бұл мердігерлерге қатысты сотқа арыз берілгенін хабарлады.
– Бұл компаниялардың жұмысына қатысты сын көп. Сол себепті «КазЕвроСтрой» кәсіпорнына қатысты сотқа бір арыз беріліп, алтауы дайындалуда. «ГрадСтройСервис» ЖШС-ның үстінен алты арыз сотқа жолданып, тағы үшеуі әзірленіп жатыр, – дейді Самал Айтқазина.
Білім беру мекемелерінде тиісті жұмыстар аяқталмағандықтан, кейбір ата-аналар балаларын мектепке жіберуден бас тартып отыр. Олар балалардың жағдайына алаңдаулы. Ал шенеуніктер ше?
Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова жағдайдың бақылауда екенін алға тартып, заңсыз фактілер анықталса, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.
– Соңғы үш жылда облыста жүзден астам ауылдық мектептер жаңғыртылды. Әрине, бұрынғыдай әрбір мектепке 2-3 миллионнан аспайтын қаражат таратып, тыныш отыруға да болады. Бірақ та кейбір ауыл мектептері 40 жылдан астам жөңделмеген. Сондықтан күрделі жөндеуге қомақты қаржы бөлінді. Ал заң бұзылып жатқан жерлер болса жауапқа тартылады. Оған күмәнданбаңыздар, – деп жауап берді А.Құрманова.
Әрине, мектептердің жаңарып, заман талабына сай болғаны жақсы-ақ. Оған ешкімнің дауы жоқ. Десе де, сапа мен уақыт жағынан да ескеру керек. Қазір басқа мектептерді жағалап, мәдениет үйінде оқып, құрылыс жұмыстарынан қауіп төніп тұрған оқу орындарында білім алып жүрген балалардың обалы кімге?