Қазақ медиасының зерттеу темірқазығы
Қазақ тілінде медиа туралы зерттеулер аз емес. Журналистика мен коммуникация саласында диссертациялар қорғалып, ғылыми мақалалар жазылып, түрлі зерттеулер жүргізіліп келеді.
Бірақ зерттеушіге "Зерттеуді неден бастау керек, мәселені қалай анықтайды, зерттеу сауалын қалай қояды, әдісті қалай таңдайды, деректі қалай жинап, қалай талдайды?" деген сұрақтарға кезең-кезеңімен жауап беретін еңбектер саусақпен санарлық.
Осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған еңбек – белгілі журналист, медиа тренер, медиа зерттеуші, медиа сарапшы Есенгүл Кәпқызының "Медиа мәтінді талдау әдістері" монографиясы. 2 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында кітаптың таныстырылымы өтті.
Зерттеу тақырыбын таңдау мен ғылыми зерттеу жүргізу – бір нәрсе емес. Белгілі бір мәселе жөнінде көп ақпарат жинауға болады. Бірақ оны қалай іріктеу, қандай сұрақ қою, қандай әдіс қолдану, алынған деректі қалай талдау керегін білмей, сапалы ғылыми нәтиже шығару қиын.
Монография осы үдерісті жүйелі түрде түсіндіреді. Мұнда зерттеу мәселесін анықтау, зерттеу сауалын құру, зерттеу парадигмасын таңдау, теория мен әдіснаманы байланыстыру, іріктеме жасау, кодтау, деректерді талдау және нәтижені ұсыну сияқты негізгі кезеңдер қамтылған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қарлыға Мысаеваның айтуынша, зерттеу жұмысын бастаған жас ғалым үшін "тақырыпты қалай таңдаймын, зерттеу мәселесін қалай анықтаймын, зерттеу сауалын қалай құрамын, қандай әдісті қолданамын?" деген сұрақтардың туындауы заңды.
– Кітап осы үдерісті бірізді түсіндіреді. Зерттеу парадигмасы, сандық және сапалық әдістер, іріктеме, айнымалылар, әдебиетке шолу, теория мен әдіснаманы байланыстыру сияқты зерттеудің негізгі кезеңдері жеке-жеке қарастырылған. Зерттеуші дайын әдісті жай ғана алып қолданбай, оны не үшін таңдағанын түсінуі керек, – деді ол.
Бұл – еңбектің негізгі салмағын аңғартатын пікір. Ғылыми жұмыста әдіс – жай ғана қолданылатын құрал емес. Зерттеуші неге дәл сол әдісті таңдағанын және оның қойылған сұраққа жауап беруге қаншалықты мүмкіндік беретінін түсіндіруі қажет. Осы тұрғыдан алғанда, кітаптың қазақ тіліндегі зерттеу мәдениетін қалыптастыруға қосар үлесі бар.
Монографияның маңызды бөлімдерінің бірі – контент-анализге арналған. Медиа мәтіндерді зерттеуде бұл әдіс жиі қолданылғанымен, оның өзін дұрыс ұйымдастырудың өз талаптары бар.
Қандай материал зерттеуге алынады? Іріктеу қалай жасалады? Қандай категориялар бойынша код жүргізіледі? Сандық және сапалық контент-анализдің айырмашылығы неде? Кодтаушылар арасындағы сәйкестік қалай бағаланады?
Кітап осы мәселелерді теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық жағынан да қарастырады. Зерттеуші, докторант Гүлжан Қайырбекқызы қазақ тіліндегі коммуникация және медиа зерттеу әдістеріне арналған ғылыми әдебиеттің тапшылығына назар аударды.
– Докторлық зерттеу кезеңінде ең қымбат дүние – уақыт пен назар. Коммуникация, оның ішінде медиа саласын зерттеу әдістеріне арналған қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттің аз екенін ескерсек, бұл кітап біз сияқты докторанттар үшін нақты нұсқаулық бола алады, – деді ол.
Кино және мәдениет зерттеушісі, Queen Mary University of London университетінің PhD зерттеушісі Әсия Бағдәулетқызы да еңбекті тек медиа мәтінді талдауға арналған кітап деп шектеуге болмайтынын айтты.
– Алғашқы тарауын жалпы зерттеудің әліппесі деуге болады. Мұнда зерттеу тақырыбын нақтылау, мәселе қою, зерттеу сауалын құру, іріктеме жасау, теория мен әдіснаманы байланыстыру сияқты негізгі кезеңдер ретімен түсіндірілген. Сондықтан еңбек журналистика мен медиа саласындағы зерттеушілерге ғана емес, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдарда зерттеу жүргізіп жүрген студенттер мен жас ғалымдарға да пайдалы, – деді ол.
Монографияның тағы бір ерекшелігі – зерттеу философиясына назар аударуы. Зерттеушінің қандай ғылыми ұстанымға сүйенетіні, шындықты қалай түсінетіні, деректі қандай негізде талдайтыны зерттеу нәтижесіне тікелей әсер етеді.
Яғни автор зерттеу әдісін дайын күйінде ұсынып қана қоймай, оның не үшін және қандай жағдайда қолданылатынын түсіндіруге ұмтылады.
Жиында монографияның жарық көруі қазақ тіліндегі медиа зерттеу әдістемесін қалыптастырудың соңғы нүктесі емес екені де айтылды.
PhD, SDU University әлеуметтік ғылымдар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ғалым Жүсіпбек пен MA, SDU University аға оқытушысы Елнұр Әлімова алдағы уақытта сапалық талдау, сандық зерттеу және сыни дискурс-анализ сияқты бағыттарға арналған жеке еңбектердің қажеттігін атап өтті.
Бұл орынды пікір. Өйткені зерттеу әдістерінің ауқымы кең. Олардың бәрін бір кітапқа сыйғызу мүмкін емес. Ең маңыздысы – зерттеушіге негізгі бағыттарды түсіндіріп, әрі қарай ізденуге жол көрсету.
Осы тұрғыдан алғанда, "Медиа мәтінді талдау әдістері" монографиясын бір кітаптың жарық көруі ғана емес, қазақ тіліндегі медиа зерттеулердің әдіснамалық негізін қалыптастыруға жасалған қадам деп бағалауға болады.
Монография жарыққа шыққанға дейін бірнеше маман тарапынан сарапталған. Рецензенттері қатарында профессор Бауыржан Омарұлы, Қарлыға Мысаева, SDU University ассистент профессоры Айзада Нуриддинова және Astana IT University ассистент профессоры Айнұр Сламғажы бар. Кітапты Жұлдыз Әбділда редакциялаған.
Қазақ медиасында зерттеу бар. Зерттеушілер де бар. Диссертациялар да қорғалып жатыр. Ендігі мәселе – сол зерттеулердің сапасын арттыратын әдістемелік негізді қалыптастыру. Ғылыми мәдениет өздігінен қалыптаспайды. Оған тіл де, әдіс те, талап та керек. Ең бастысы, зерттеушіге жол көрсететін темірқазық керек. Осы тұрғыдан алғанда, "Медиа мәтінді талдау әдістері" еңбегі ғылым жолына түскен жас ғалымдарға бағдаршам болатын құнды еңбек.