Forbes тізіміне енген төрт кәсіпкер кім?
Forbes Kazakhstan басылымы 2026 жылғы Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкерінің рейтингін жариялады.
Биыл бұл тізімге төрт жаңа есім қосылды. Олардың қатарында Шахмұрат Мүтәліп, Нұрлан Артықбаев, Құдрат Шамиев және Алмаз Әлсенов бар. Бірі ірі металлургиялық компанияның акционері атанса, енді бірі еліміздегі жетекші мыс өндіруші корпорацияны бақылауына алған. Үшіншісі өнеркәсіптік кәсіпорындарды басқаруға келсе, төртіншісі ауыл шаруашылығына миллиардтаған доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.
8 қазанда жарияланған Forbes Kazakhstan рейтингінде Қазақстанның ірі кәсіпкерлерінің ықпалы бағаланған. Биылғы рейтингті Kaspi.kz акционері Вячеслав Ким бастады. Одан кейін Болат Өтемұратов, Тимур Құлыбаев және Нұрлан Смағұлов орналасқан. Алғашқы ондықтағы елеулі өзгерістердің бірі – тізімге бұрын енбеген екі кәсіпкердің бірден жоғары орындарға көтерілуі. Атап айтқанда, 36 жастағы Шахмұрат Мүтәліп 5-ші, 51 жастағы Нұрлан Артықбаев 7-орынға жайғасқан. Құдрат Шамиев 19-орыннан көрінсе, Алмаз Әлсенов 40-орынға орналасқан. Бір қызығы, аталған төрт кәсіпкердің үшеуі бұған дейін Forbes-тің ең бай кәсіпкерлер тізімінде болған. Мамырдағы 75 дәулетті кәсіпкер рейтингінде Н.Артықбаевтың байлығы 508 млн доллар, Ш.Мүтәліптің дәулеті 482 млн доллар, А.Әлсеновтің капиталы 204 млн доллар деп бағаланған.
Шахмұрат Мүтәліп: құрылыс бизнесінен ERG акционеріне дейін
Forbes-тің ықпалды кәсіпкерлер рейтингіндегі жаңа есімдердің ішінде ең жоғары орынға Шахмұрат Мүтәліп көтерілді. Ол 36 жасында елдегі ең ықпалды бес кәсіпкердің қатарына қосылған. Ш.Мүтәліптің негізгі бизнесі ұзақ уақыт бойы инфрақұрылымды құрылыс саласымен байланысты болды. Ол – Integra Construction KZ компаниясының иесі. Компанияның тарихы 1998 жылы теміржол құрылысы мен жөндеуіне маманданған кәсіпорыннан басталған. Кейін қызмет аясы кеңейіп, автомобиль жолдарын салу, теміржол инфрақұрылымын жаңарту, өндірістік нысандар мен инженерлік желілер құрылысын қамтыды. Қазіргі күнде Integra Construction KZ Қазақстандағы ең ірі жеке құрылыс компанияларының бірі саналады. Оның 2024 жылғы табысы 418,8 млрд теңге, ал таза пайдасы 35,43 млрд теңге болған. Компанияда 2,8 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Машкевичтен Мүтәліпке дейін: Ұлттық буржуазия қалыптаса бастады ма?
Компанияның ірі жобалары арасында Достық – Мойынты теміржол учаскесіне екінші жол салу, Алматыны айналып өтетін теміржол, Дарбаза –Мақтаарал бағыты, Қашаған кен орнындағы газ инфрақұрылымы және басқа да нысандар бар.Алайда Мүтәліптің Forbes-тегі ықпалын арттырған басты оқиға құрылыс саласындағы қызметімен ғана шектелмейді.
2026 жылғы 22 мамырда Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы акционерлер құрамындағы өзгеріс туралы ресми хабарлады. Мәліметке сәйкес, Мүтәліпке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы ERG акцияларының 39,3 пайызын сатып алған. Бұл үлес бұған дейін Патох Шодиевке (18,6 пайыз) және Александр Машкевичтің мұрагерлеріне (20,7 пайыз) тиесілі болған.
ERG – Қазақстандағы тау-кен металлургиясы саласының ірі топтарының бірі. Оның құрылымына хром, алюминий, темір кені, көмір және энергетика бағытындағы кәсіпорындар кіреді. Мүтәліптің ERG акционерлерінің қатарына қосылуы оның бизнесінің құрылыс саласынан тау-кен металлургиясына қарай кеңейгенін көрсетті. ERG-мен байланысты мәміледен бөлек, Мүтәліп алтын өндіру саласына да назар аударған. 2026 жылғы наурызда ол үлесі бар Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы "Алтыналмас" акционерлік қоғамының 100 пайыз акциясын сатып алу жөнінде келісімге қол қойған. "Алтыналмас" – Қазақстандағы ірі алтын өндіруші кәсіпорындардың бірі. KASE дерегіне сүйенген Forbes оның 2026 жылғы 1 шілдедегі меншікті капиталын 543,8 млрд теңге деп көрсеткен.
Кәсіпкердің қызметі спорт саласын да қамтиды. Ол Қазақстан бокс федерациясын басқарады, Ұлттық олимпиада комитетінде халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша вице-президент қызметін атқарады.
2026 жылғы маусымда Ш. Мүтәліп шымкенттік "Ордабасы" футбол клубын да сатып алды.
Нұрлан Артықбаев: Qazaq Stroy-дан "Қазақмысқа" дейін
Forbes рейтингіндегі екінші жаңа есім – Нұрлан Артықбаев. Ол бірден 7-орынға орналасқан. Н.Артықбаев Қазақстанның құрылыс нарығында бұрыннан белгілі кәсіпкерлердің бірі. Ол Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаушы және негізгі үлес иесі. Компания 2003 жылы жұмысын бастап, кейін Exclusive Qurylys-пен бірігіп, ірі құрылыс тобына айналған. Оның негізгі қызметі тұрғын үй кешендерін, коммерциялық ғимараттарды және өзге де құрылыс нысандарын салумен байланысты. Forbes-тің Қазақстандағы ірі жеке компаниялар туралы мәліметіне сәйкес, Qazaq Stroy тобының 2024 жылғы табысы 347,01 млрд теңге, таза пайдасы 50,79 млрд теңгені құраған. Компанияда екі мыңға жуық адам жұмыс істейді. Құрылыс саласында қалыптасқан бизнестен кейін Артықбаевтың инвестициялық мүддесі басқа бағыттарға да кеңейген. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – "Қазақмыс корпорациясын" бақылауына алуы.
2025 жылғы 28 желтоқсанда "Қазақмыс" компаниясы жаңа акционерге өту жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойылғанын жариялады. Ал 2026 жылғы 26 наурызда корпорация мәміленің аяқталғанын хабарлады. Н.Артықбаев "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-ын QAC Resources Ltd. компаниясына дейін жалғасатын корпоративтік құрылым арқылы бақылайды.
2026 жылы оның бақылауындағы құрылымға жататын Qazaq Smelter компаниясы Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен жаңа мыс балқыту зауыты жөнінде инвестициялық келісім жасасқан.Жобаға жоспарланған инвестиция көлемі – 750 млрд теңге. Оның аясында жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіруге арналған қуат қалыптастыру көзделген.
Н.Артықбаевтың бизнесі телекоммуникация саласында да бар. Forbes мәліметінше, ол KC Holding Ltd. компаниясы арқылы Kcell акцияларының 14,87 пайызын бақылайды. Аталған құрылымды кәсіпкер 2026 жылдың көктемінде Вячеслав Кимнен сатып алған. Сондай-ақ Артықбаев Батыс Қазақстан облысындағы Сәтимола калий тұздары кен орнын игеру жобасымен айналысатын Qazaq Kalium Ltd. компаниясының акционері. Кәсіпкер спорт саласына да инвестиция құйған. Ол "Ақтөбе" футбол клубының иесі атанды.
Тізімге алғаш енген Шамиев кім?
Биыл Forbes тізіміне алғаш еніп, 19-орынға орналасқан кәсіпкердің бірі – 36 жастағы Құдрат Шамиев. Оның Ш. Мүтәліп пен Н.Артықбаевтан басты айырмашылығы – ықпалының едәуір бөлігі ірі активтерге иелік етуден емес, оларды басқару қызметінен көрінеді. 2026 жылғы 30 мамырда Eurasian Resources Group Қазақстандағы кәсіпорындарды басқару жүйесінде өзгеріс болғанын хабарлады. Компанияның ресми мәліметіне сәйкес, Құдрат Шамиев "Еуразиялық топ" ЖШС-ның бас директоры болып тағайындалған. Оған ERG-дің Қазақстандағы өндірістік активтерін басқару өкілеттігі берілген. ERG құрылымындағы кәсіпорындардың ауқымын ескерсек, бұл – жауапкершілігі жоғары қызмет.
Шамиев басқаратын қазақстандық өндірістік құрылымдарға "Қазхром" трансұлттық компаниясы, Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі, "Қазақстан алюминийі", Қазақстан электролиз зауыты, Еуразиялық энергетикалық корпорациясы, "Шұбаркөл көмір" және басқа да кәсіпорындар кіреді. Бұл компаниялар Қазақстан экономикасының бірнеше маңызды саласында жұмыс істейді.
Сонымен бірге Қ.Шамиевтің жеке кәсіпкерлік мүдделері де бар. 2026 жылғы мамырда ол Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген Central Trade Management Ltd. холдингінің директоры әрі иесі атанған. Бұдан бөлек, Q-Metals Group, Qaz Commodities Group және Prime Minerals Holding Ltd. компанияларының үлес иелерінің бірі ретінде көрсетілген.
Қ.Шамиев спорт саласында да бірқатар қызмет атқарады. Ол Қазақстан таеквондо федерациясының президенті, Ұлттық олимпиада комитетінің атқарушы комитетінің мүшесі. Сонымен бірге Алматыда өтетін 2029 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындық мәселелері бойынша Азия Олимпиада кеңесінің вице-президенті қызметін атқарады.
Алмаз Әлсенов: халықаралық саудадан агроөнеркәсіпке дейін
Forbes рейтингіне биыл енген төртінші кәсіпкер – Алмаз Әлсенов. Ол 40-орынға орналасқан. Өзге үш кәсіпкердің қызметі құрылыс және тау-кен металлургиясы салаларымен тығыз байланысты болса, А.Әлсенов негізінен халықаралық ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы мен логистика саласында танылған. Ол Швейцарияда орналасқан Harvest Group халықаралық компаниялар тобының негізін қалаушы. Компания ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық нарықтарға жеткізу, сақтау, тасымалдау және сауданы қаржыландырумен айналысады. Harvest Group қызметі тек өнімді сатып алып, қайта сатумен шектелмейді. Оның бизнес үлгісі аграрлық өнімдерді өндірушілер мен халықаралық сатып алушылар арасындағы логистикалық және сауда тізбегін ұйымдастыруға негізделген.
А.Әлсеновтің қызметі спортпен де байланысты. Ол Қазақстандағы алғашқы кәсіби JENYS дзюдо клубының негізін қалаушы әрі президенті, Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі. 2026 жылы кәсіпкер француздың Paris Saint-Germain футбол клубының лицензиясымен PSG Academy Kazakhstan жобасын қолға алды. Оның алғашқы орталығын Астанада ашу жоспарланған.
Міне, Forbes тізімі биыл осылай құрылыпты. Тізімдегілердің көпшілігі бұрынғы саяси жүйе кезінде байығандар екенін ел біледі. Ал енді жаңа саяси жүйе жасаған төртеудің кім екенін жоғарыда айттық. "Жүре берсең, көре бересің" деген, алдағы жылы тағы да жаңа есімдер шығуы әбден мүмкін…
Тұрсынбек БАШАР