Сараптама

Шалажансар "Яндекс" экс-министр Мусин нені жасырды?

Украина дрондары "Яндекс" компаниясының Ресейдегі үш ірі дата-орталығына шабуыл жасағанын естіген боларсыз?

яндекс

Ең қызығы, Мәскеудің цифрлық инфрақұрылымына жасалған осы соққы мыңдаған шақырым шалғайда жатқан Қазақстан тұрғындарына тікелей әсер етті. 11 қазан күні біздің елде Yandex Go сервисі сыр беріп, "Яндекс про" қолданбасы уақытша істен шықты. Салдарынан халық такси шақыра алмай, ал таксистер мен курьерлер тапсырыс қабылдай алмай қалды. 

Яғни соғысып жатқан екі ел бір-біріне соққы жасағанда, айдалада жатқан бейбіт елдің күнделікті өмірі бұзылды. Мұны қалай түсінуге болады? Дәл осы жағдай Қазақстанның цифрлық қауіпсіздігі төмен, шетелдік технологияларға тәуелді әрі стратегиялық маңызы бар қызметтерді өз бетінше атқара алмайтынын анық көрсетіп берді. Бір сөзбен айтқанда, билік қанша мойындамаса да, еліміздің цифрлық тәуелсіздігі қай деңгейде екенін әшкереледі.

Енді жағдайға толығырақ тоқталайық. Reuters агенттігі хабарлағандай, 2026 жылғы 8-11 қазан күндері "Яндекстің" Ресейдегі ірі дата-орталықтары дрон шабуылына ұшырады. Алдымен Рязань облысындағы Сасово қаласының маңындағы нысанға соққы тиіп, орталықтың жұмысы толық тоқтаған. Мұнда компанияның жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге пайдаланатын үш суперкомпьютерінің екеуі орналасқан деген ақпарат бар.

9 қазанда Калуга облысындағы дата-орталыққа шабуыл жасалып, ондағы инфрақұрылымның бір бөлігі істен шыққан. Ал 11 қазанда Владимир облысындағы тағы бір орталық нысанаға ілініп, жұмысы толық тоқтады. Осыдан кейін "Яндекс" сервистері Ресейде ғана емес, компания жұмыс істейтін Қазақстан, Беларусь, Армения қатарлы елдерде де істен шыққан. Қазақстан тұрғындары Yandex Go арқылы такси шақыру, "Яндекс Еда", "Яндекс Лавка" қызметтерін пайдалану қиындағанын айтып, шағымданды.

Біз "Яндекс" қосымшасын күнделікті пайдаланатын бірнеше алматылықпен сөйлестік. Талғат есімді тұрғынның айтуынша, Yandex такси шақыруға тырысып, қосымшаны ашқанда "көлік жоқ" деген жазу шыққан. Кейде тапсырыс берілгенімен, ұзақ уақыт бойы машина табылмаған. "Бұл қосымшаны күнде пайдаланамыз, жұмысы тоқтағанда сәл қиналып қалғанымыз рас. Дүйсенбі күні таңда жұмысқа бару үшін такси шақырдым, қосымша істеп тұрды, бірақ баға әдеттегіден жоғары болғанын байқадым", – дейді ол.

Ал Фархат ӘБДІМӘЛІКОВ есімді алматылық таксист 11 қазанда қосымша дұрыс жұмыс істемегенін, ақау дүйсенбі күні де байқалғанын айтады. "Жексенбіде қосымша "қуып кетті". Таксистер арасында пікір алмасатын тобымыз бар, сонда жігіттердің бәрі қосымша дұрыс жұмыс істемей тұрғанын айтты. Сол үшін ол күні демалдым, қосымшаға қайта-қайта кіріп, тексерген жоқпын. Дүйсенбі жұмысқа шықтым. Қосымша істеп тұр, бірақ сәл ақаулар бар. Мысалы, карта бұрын қосымшаның өзінен ашылатын, қазір басқаша ашылып тұр", – дейді жүргізуші.  

"Достар, қазір кей сервисімізде техникалық мәселе туындап, олардың жұмысы уақытша қиындауы мүмкін. Бұл жағдайдан хабардармыз. Техникалық мамандарымыз қызмет көрсетуді қалпына келтіру үшін жұмыс істеп жатыр. Әзірге нақты уақытты айта алмаймыз, бірақ оны мүмкіндігінше тезірек қайта іске қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Біз мұның көптеген адамдардың күнделікті жоспарына әсер еткенін түсінеміз, ал жүргізушілер мен курьерлер үшін бұл олардың әдеттегідей жұмыс істей алмайтынын білдіреді. Кез келген қолайсыздыққа тап болған барлық адамнан шын жүректен кешірім сұраймыз", – деп хабарлады Яндекс Go Qazaqstan баспасөз қызметі.

Ресейге шабуыл неге Қазақстанға әсер етеді?

"Яндекс" Ресейдің өнімі екенін екінің бірі біледі. Ресейлік платформа Қазақстан нарығына 2016 жылы кірген. Біздің елде компанияның тасы өрге домалап, нарықтағы нағыз монополиске айналды. Қазір елдегі такси және жеткізу қызметін осы компания шеңгелдеп алған. Бағаны білгенінше белгілейді. Халық такси қызметі қымбат десе, жүргізушілер таксопарк комиссиясы жоғары, табысы төмен екенін айтады. "Яндексті" тәубесіне түсіретін бәсекелес, тәртіпке шақыратын үкімет әзірше жоқ.

Сондықтан жұрт арасында "миллиардтаған қаржы сыртқа кетіп жатыр, отандық такси керек" деген әңгіме оқтын-оқтын айтылып қалатын. Сондай-ақ мамандар шетелдік компанияға азаматтардың дербес дерегін беру дұрыс емес деп санайды, бұл қазақстандықтардың жеке қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін. Бірақ "Яндекстен" бас тартуға ел билігі ынта танытқан емес. Мысалы, 2022 жылы сол кездегі цифрлық даму министрі Бағдат Мусин "Қазақстанда жеке цифрлық такси сервисін нөлден бастап шығару экономикалық тұрғыдан тиімсіз және өте қымбат" екенін айтқан.

Қазақстан заңнамасына сай, қазақстандық пайдаланушылардың деректері ел аумағында сақталуы тиіс. 2023 жылы Бағдат Мусин "Яндекс" серверлері Қазақстанға толық көшірілгенін мәлімдеген. Көпшілік сол кезде бұл ақпаратты "Яндекс Go Qazaqstan қызметі толық Қазақстанға көшірілді" деп түсінген. Осы жолғы оқиғадан кейін жұрт арасында "Яндексті елге көшіргені қайда, министр неге өтірік айтады?" деген сұрақ туындады.

Мұндағы мәселе, министрліктің түсіндірме жұмысын дұрыс жүргізбеуімен байланысты. Yandex.kz доменінің серверін елге көшіру "Яндекстің" бүкіл экожүйесін, соның ішінде такси шақыру, тапсырысты жүргізушіге бөлу, маршрут құру және жеткізуді басқару жүйесі толығымен Қазақстанға көшті дегенді білдірмейді. Яғни Қазақстандағы пайдаланушылардың деректері ел ішіндегі серверде сақталуы мүмкін, бірақ сервистің жұмысын қамтамасыз ететін басқа технология шетелде орналасқан. Сондықтан Ресейдегі ірі ақау бізге әсер етіп отыр.

"Яндекс" оқиғасы Қазақстандағы такси қызметі Ресейге толық тәуелді екенін анық көрсетті. Кейінгі бірнеше күнде әлеуметтік желі қолданушылар отандық такси қажет екенін жарыса жазып жатыр. Монополиске айналған "Яндекстің" сүрінгені кейбір шағын компанияларға үміт сыйлағанын да көріп отырмыз. Олар желіде жаппай жарнама жасап, өз өнімдерін ұсынып жатыр.

Мұрат Мұхаммеджанов
Мұрат Мұхаммеджанов/Мұрат Мұхаммеджанов

Қазақстанда такси қызметінен басқа да шетелге тәуелді салалар көп. Мысалы, әскери салада Кремльге кіндігімізбен байланып отырмыз. Біз қару-жарақ пен жойғыш ұшақтарымыздың басым бөлігін Ресейден аламыз. Мұны бізге тәжік-ауған шекарасында соғысқа қатысқан отставкадағы полковник Мұрат МҰХАМЕДЖАНОВ былай түсіндірген: "Қазір әуе қорғаныс күштеріміз Ресеймен бірге. Оның үстіне байланыс желілері де Ресеймен бірдей. Тіпті телефон коды Ресеймен бірдей. +7 – Ресейдің коды. Демек, бәріміз Ресеймен тығыз байланыстымыз. Құдай сақтасын, соғыс бола қалса, стратегиялық маңызы бар әуе қорғанысы мен коммуникация Ресейге байланып тұр", – дейді әскери ардагер.

Айтпақшы, 2021 жылы Бағдат Мусин қазақты тағы бір қатерге байлап бере жаздаған. Экс-министр Ресеймен бірлесіп цифрлық үкімет платформасын құруды ұсынған еді. Сол кезде министрдің  "Egov жүйесінің орнына ресейлік "Сбердің" IT-платформасын пайдаланайық" деген бастамасы көпшілікке ұнай қойған жоқ, жұрт "Ресейге тәуелді болып, цифрлық тәуелсіздігімізден айырылып қалмаймыз ба?" деп, наразы болған. Бұл бастама 2022 жылы соғыс басталған соң аяқсыз қалған. Егер сол кезде "Сберге" көшсек, қазір жалғыз такси қызметі ғана емес, тұтас электронды үкіметіміз істен шығып, әбігерге түсіп жатар ма едік, кім біледі?..

Нұрбол ЕРБОСЫН, IT маманы: Деректі елге көшіру мен технологиялық тәуелсіздік екі бөлек ұғым

– "Яндекс" серверін көшіруге қатысты ешкімді заң бұзды деп айыптай алмаймын. "Яндекс" Қазақстан заңына сай қазақстандықтардың дербес деректерін елдегі серверлерде сақтаған болуы мүмкін. Заң негізінен деректердің елде сақталуын талап етеді. Бірақ сервисті жұмыс істететін тек деректер емес. Одан бөлек карта, маршрут құру, кептелісті есептеу, жүргізушіні тапсырысқа сәйкестендіретін алгоритмдер, баға есептейтін модельдер, басқару жүйесі бар. Олардың маңызды бөлігі әлі де Ресейдегі инфрақұрылымда жұмыс істейтін сияқты. Сондықтан ол жақта ақау болғанда бізде де қызмет тоқтайды. Яғни "деректерді елге көшіру" мен "технологиялық тәуелсіздік" екі бөлек ұғым. 2023 жылғы министрліктің мәлімдемесін "сервис толықтай Қазақстанда жұмыс істейді" деп емес, "деректер елде сақталады" деп түсінуіміз керек еді. Болашақта мұндай келісім жасағанда, деректердің сақталуын ғана емес, сервистің шетелдегі инфрақұрылымға тәуелсіз жұмыс істей алуын да талап етуіміз қажет.

Ал отандық такси жасай аламыз ба дегенге келсек, мүмкіндік бар, бірақ мәселе қосымша жасауда ғана тұрған жоқ. Қосымшаның өзін жақсы команда бірнеше айда жазып шығады. Ең қиыны – карта. "Яндекстің" өз картасы, кептеліс деректері, жылдар бойы жиналған маршрут статистикасы бар. Онымен тең бәсекелесу үшін бізге де сапалы, үнемі жаңарып тұратын карта керек. Әрине, 2ГИС сияқты дайын картаны қолдануға болады. Бірақ онда тағы бір сыртқы платформаға тәуелді боламыз, әр сұраныс үшін ақы төлейсіз, пайданың едәуір бөлігі карта иесіне кетеді. Оған қоса төлем қабылдау және ақшаны жүргізуші, таксопарк, платформа арасында бөлу (split) жүйесі керек, оның да әр операциясына комиссия төлейсіз.

Осының бәрін есептегенде, "Яндекспен" терезесі тең жүйе құру үшін әлі көп жұмыс керек. Сондықтан мен сұрақты "кім такси қызметін ашады?" деп емес, "барлық компания қолдана алатын ортақ база бар ма?" деп қоюды ұсынамын. Ол үшін ашық геодерек, мемлекеттік кадастр мен жол деректерін ашу, OpenStreetMap-ты бірлесіп толықтыру, елдегі дата-орталықтар мен есептеу қуаты керек. Осындай база болса, такси ғана емес, курьерлік, логистика, жеткізу сервистерін де бірнеше отандық компания жасай алады.

Кейінгі кезде мемлекет IT саласына көп көңіл бөліп жатқанын мойындау керек. Суперкомпьютер іске қосылды, салық жеңілдіктері бар, стартаптарға қолдау көрсетіледі. Бірақ әлі толық қолға алынбаған бір мәселе бар, ол – нарықтағы шоғырлану проблемасы. Бізде төлем, бөліп төлеу, несие, маркетплейс – бәрі бір-екі экожүйенің ішінде жинақталған. Бұл тұтынушыға ыңғайлы, бірақ жаңа компанияларға нарыққа кіру қиын. Егер төлем қабылдау, бөліп төлеу, split сияқты мүмкіндіктер ашық API арқылы әділ шарттармен басқа IT компанияларға, маркетплейстерге, SaaS сервистерге қолжетімді болса, отандық бәсеке әлдеқайда күшейер еді. Бұл әлдебір компанияны әлсірету емес, бүкіл нарықты күшейту болмақ.  

Біздің елде шетелге тәуелді стратегиялық салалар аз емес. Мысалы, бухгалтерия және кәсіпорынды басқару. Көптеген компания мен мекеме 1С сияқты ресейлік платформада отыр, лицензия, жаңарту, қолдау сол жаққа байланған. Маркетплейстер – Wildberries, Ozon сияқты ресейлік платформалар мыңдаған қазақстандық сатушы мен курьердің табыс көзі. Карта – күнде қолданатын карталардың бәрі дерлік шетелдікі. Бұлт пен хостинг – көп сервис ресейлік немесе америкалық бұлтта жұмыс істейді. Киберқауіпсіздік –  антивирус пен қорғаныс өнімдерінің бір бөлігі ресейлік. Базалық технологиялар – операциялық жүйелер, смартфондар, қосымша дүкендері америкалық. Ал GPU мен чиптер толықтай импорт және экспорттық шектеулерге тәуелді. Әлемде толық тәуелсіз ел жоқ, бәрін өзіміз жасаймыз деу қисынсыз. Мақсат тәуелділікті нөлге түсіру емес, оны басқару. Маңызды сервистер бір елге, бір серверге, бір компанияға байланбауы керек, резерві болуы тиіс. Ал негізгі деректер мен инфрақұрылым ашық болуы керек әрі елде сақталуы қажет.

Қуаныш ҚАППАС

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз