Ержан Жәмеңкеев: Сыбанқұл – көне сарынның ардакүреңі
Ержан Жәмеңкеев: Сыбанқұл – көне сарынның ардакүреңі
Қазақтың рухани әлемінің алтын шежіресі – қара домбыраның шанағында сақтаулы. Атадан қалған аспаптың құдіретті сазына бойлай алсаң, сан ғасыр бұрынғы оқиғаларды көз алдыңа әкеледі. Сөзбен жеткізе алмағанды сазбен жеткізетін халық үшін күй мен күйшінің орны дара. Тәуелсіздіктен кейінгі жоғымызды түгендей бастаған тұста, күй әлемінің төріне Сыбанқұл сарыны атойлап шыққанын біреу біліп, біреу білмейді. Ендеше, Сыбанқұл Қалбасұлы кім? Көрнекті күйшілер оны неге көне сарынның көзіндей көреді? Біз мұны белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия докторы (PhD), Ержан Жәмеңкеевтен сұрадық.
– Жуырда ғана Жетісу күйшілік өнерінің көрнекті өкілі Сыбанқұл Қалбасұлының 160 жылдығына арналған "Сыбанқұл сарыны" атты күй кешін өткіздіңіз. Көрермендердің разылығын әлеуметтік желідегі бірқатар жазбалардан байқадым. Алдымен күйшінің өзіне тоқталсаңыз, Сыбанқұл қай кезеңде, қай өңірде өмір сүрген күйші?
– Сыбанқұл Қалбасұлы 1865 жылы өмірге келіп, 1945 жылы дүниеден өткен деген дерек бар. Ата-қонысы – Алматы облысындағы Шелек өңірінің Сарыбұлақ, Нұра төңірегі. Руы – албан, ішінде шажа, одан сүтемген болып тарайды. Арғы аталары мен бертіндегі әкелері сол маңда ғұмыр кешсе керек. 1860 жылдары аймаққа айбыны мен абыройы кең тараған Тәтібай болыс ел-жұртымен бүгінгі Ұйғыр ауданына қарай көш түзейді. Үлкендердің айтуынша, Сыбанқұл сол аймақтағы Кетпен тауының етегінде дүниеге келген көрінеді.
Өмірінің көбі қазіргі Қазақстан топырағында өткенімен, күйші ретіндегі кемеліне келген, шығармашылығы толысқан тұсы шекараның арғы бетінде өтті. 1920 жылдары Қытайдағы Текес ауданының Шоңқұштай ауылына көшіп барса керек. Сыбанқұлдың өмірі мен шығармашылығына қатысты белгілі күйші, зерделі зерттеуші Базарәлі Нүптекеев өте терең ізденіс жасап, біршама күйлерін Омархан Керімқұловтан жазып алған. Сыбанқұлдың күйлерін ағайын інісі Шіде деген күйші орындаса, Шідеден Омархан Керімқұлов үйренген. Сыбанқұлдың күйлері бізге, міне, осылай жетті.
Жалпы, Сыбанқұл Қалбасұлы – Қожекеден кейінгі екінші буын күйшілер санатына жатады. Өйткені Қожеке Назарұлы әйгілі Құрманғазының құрдасы, замандасы болып келеді. Одан кейінгі буын – Сыбанқұл, Мергенбай сынды күйшілер. Жоғарыда атаған Шідені, Омархан Керімқұловты, одан бергі Базарәлі Мүптекеевті – Сыбанқұл күй мектебінің өкілдері деуге болады.
– Жалпы, күйшінің ерекшелігін, өзіндік қолтаңбасын күйші ғана таныса керек. Сіз Сыбанқұлды өзге күйшілерден даралап тұратын қандай ерекшелігін атар едіңіз?
– Сыбанқұл күйлерін сипаттағанда, өзгеге ұқсамайтын ерекшеліктері расымен байқалады. Дегенмен ескерте кетейін, бұл менің жеке топшылауым. Алдымен мазмұндық, тақырыптық ерекшеліктеріне келсек, мұның – төрт бағыты бар. Олар: аңыз желісімен шыққан күйлер, арнау күйлер, жер-су аттары мен табиғат құбылыстарына байланысты күйлер, сосын көңіл күйді суреттейтін күйлер. Алғашқысына "Жиренше шешен", "Жалғыз көзді әулие" сынды бірі-бірімен жалғасып кететін күй топтамалары жатады. Бұларды тармақты күйлер немесе желілі күйлер десек, жарасатын шығар. Бірақ оған сәлден кейін кеңірек тоқталайық. Сыбанқұлдың арнау күйлеріне "Тәжінің боз айғыры", "Жосыған құлан", "Өрелі шабдар" сияқты шығармаларын жатқызамыз. Демек. күйшінің бұл бағыттағы туындылары өз замандастарына, жан-жануарларға байланысты өмірге келген. Табиғат құбылыстарына байланысты шығарған күйлерінің бірегейі – "Салды-қашты сары өзен". Күйші көз алдында ағып жатқан өзеннің "қимыл-қозғалысын" енді домбыраның тілінде сөйлетеді. Бұл бір ғажап дүние! Ал көңіл күйді суреттейтін күйлеріне "Сарын" туындысын жатқызамыз. Бұдан шығатын қорытынды, Сыбанқұл Қалбасұлын тақырыптық тұрғыда құлашын кең сермеген күйші дегеніміз дұрыс.
Содан кейінгісі және ең маңыздысы, бұл кісі домбыраны үш бұрауда да тартқан.
– Менің Сізден сұрағым келген сауалдың бірі осы болатын. "Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра…" деуші еді ғой, Қадыр Мырзалиев "Домбыра" атты өлеңінде. "Сыбанқұлдың бүгінге жеткен күйлерінің көбі теріс бұрауда" деген деректі бір жерден оқып едім. Осының мәнін түсіндіріңізші, теріс бұраудың сыры неде?
– Рас, Сыбанқұл күйлерінің көбін теріс бұрауда шығарған. Омархан Керімқұловтың былтыр жарық көрген "Жетісудың жанпоз күйшісі" деген кітабына Сыбанқұлдың 21 күйі енген екен. Соның 16-сы – теріс бұрауда, 4-еуі – оң бұрауда, 1-еуі – тел бұрауда. Теріс бұрау – көбінесе көне күйлерге тән үлгі. Сондықтан Сыбанқұлды көне сарынның көзіндей күйші, аңыз желісімен күй шығару үрдісін жалғастырған жанпоз деп бағалаған жөн. Бұл жалғыз менің пайымым емес, күй өнерінің көрнекті өкілдері – Біләл Ысқақ, Абдулхамит Райымбергенов ағаларым да осылай топшылайды. Жалпы, теріс бұрау дәстүрі көбінесе Алтай, Тарбағатай, Жетісу күйлерінде өте жиі кездеседі. Мұның себебі түркітілдес халықтардың алтын бесігі – Алтай аймағы болғанынан шығар деп ойлаймын.
Ал енді "Теріс бұраудың сыры неде?" деген сұрағыңызға келсек, жалпы, музыкатану ілімінде қос ішекті домбыраның төменгісі – көбінесе жоғары әлемді, аспанды немесе жер бетінде болған оқиғаларды суреттейді дегенге жақын түсінік бар. Теріс бұраулы күйлерде көбінесе үстіңгі ішек жұмсақ, қоңыр бояулы ішек ашық тұрады. Бұл музыка тілінде "бурдон" деп аталады. Әуен көбінесе төменгі ішекте жүреді, жоғарғы биіктіктегі әуендер астыңғы ішекте орындалады. Дегенмен Сыбанқұлдың қағыс ерекшеліктерінде кейбір әуен желісі үстіңгі ішекке де ауысады. Мұны күйшінің шеберлігі деп бағалағаймыз.
– Қожеке мен Сыбанқұлдың күйлерін бүгінге жеткізген Омархан Керімқұл ақсақалды ілгеріде көргенім бар. Ол кісі кейбір күйлерді тартқанда, ішектің бұрауын өзгертіп қана қоймай, пернелерін де жылжытатын. Бұл күйшілік өнерде қалыпты нәрсе ме? Пернелерді қозғау Сыбанқұлдың күйлеріне де тән бе?
– Өте қызықты сұрақ қойып отырсыз. Дегенмен "Сыбанқұл күйлерінде перне жылжыды ма?" деген сауалға жауап беру – арнайы зерттеуді қажет етеді. Себебі біз қазір тартып жүрген Сыбанқұл күйлерінде еш перне жылжымайды. Барлығы өз орнында, перне қозғаудың қажеттілігі де жоқ. Бірақ бұл Сыбанқұл перне жылжытып, күй тартпаған деген сөз емес. Өйткені зерттеуші Базарәлі Мүптекеев "Сыбанқұлдың жиырмадан аса күйі болған" дейді. Жиырмадан аса деген 21 ме, әлде 25 пе? Мүмкін 27 шығар? Біз мұны нақты білмейміз. Күйшінің бүгінге жетпеген күйлері әлі табылуы да ғажап емес. Арнайы зерттеуді қажет етеді дейтінімнің себебі сол.
Алайда қазақтың күйшілік дәстүрінде перне жылжытып, күй тарту үрдісі сирек те болса, кездеседі. Оған қатысты Таласбек Әсемқұловтың, Ақселеу Сейдімбековтің зерттеу жұмыстарында жақсы айтылған. Мәселен, кәдесіз перне жайында. Мұндағы мақсат – пернені жылжытып тарту арқылы құлаққа – тосын, түйсікке – қисық дыбыстар шығару, сол арқылы халықты күлдіру. Содан кейін есер тартыс үстінде перне жылжытқан күйшілер туралы деректер кездеседі. Бұған қоса, әр өңірдің өзіне тән перне байлау әдісі, үрдісі болғанын ұмытпауымыз керек. Соған сай, Жетісудың да өз үлгісі бар. Жалпы, пернеге қатысты мұндай сұрақтар көне домбыраларды зерттеу барысында айқындалуы мүмкін.
– Сыбанқұлдың өмірден өткеніне әлі 100 жыл болған жоқ. Өз домбырасы ұрпақтарында сақталмаған ба екен?
– Көнекөз қариялар "Сыбанқұлдың домбырасы Қытайда, екінші ұлы Рамазанда қалған" дейді. Себебі күйшінің қара шаңырағына сол ұлы ие болып қалған. Өкінішке қарай, домбырасының бар-жоғына қатысты әзірге нақты мәлімет жоқ.
– Жоғарыда Сыбанқұлдың тармақты күйлері туралы айтып келе жатып, басқа арнаға бұрылдық. Енді осыған кеңірек тоқталайықшы. Мысалы, "Аққу" күйі бірнеше бөліктен тұрады. "Аққудың атамекенге қайтқаны", "Аққуды бидайық құстың қуғаны", "Аққудың балапандарын аймалауы" болып жалғасады. "Жиренше шешен" күйі де осындай. Демек, бұл қандай да бір аңыз-әпсананы Сыбанқұлдың күймен бейнелеуі ме? Жалпы, мұндай бір-бірімен жалғасып отыратын күйлер өзге күйшілерде кездесе ме?
– Алдымен мынаны айтайын, "Сыбанқұлдың орындауындағы күйлер – авторлық емес, халық күйлері болуы мүмкін" деген болжам жасағандар болған. Дегенмен тарихқа жүгінетін болсақ, мұндай тұжырымды қоштау қиын. Неге? Мысал үшін айтайын, Маңғыстауда Құлшар Ерназарұлы деген күйші болған. Адай руының Қырықмылтық атасынан тарағандықтан, оны "Қырықмылтық Құлшар" деп те атаған. Күйшінің "Құлшардың қызбен және оның шешесімен күймен айтысуы" аталатын бірнеше күйі бар. Олар "Қыз қамаған", "Кербез керік" секілді күй атаулары арқылы бір-бірімен жалғасып, тұтасып жатыр. Деректерге сүйенсек, бұл – Құлшардың авторлық күйлері. Бірақ ондағы оқиғалар күйшінің басынан өтпеген. Құлшар оны ел арасында айтылып жүрген оқиға желісімен шығарған. Бұл туралы "Нарату" кітабында, Маңғыстау күйлерінің жинағында жақсы жазылған.
"Маңғыстау – ар жақта, Жетісу – бер жақта ғой" дейтіндер болса, мына мәліметті де көлденең тартудың жөні бар. Онда берілеп, Іле аймағына келейік. Күйші Әшім Дүңшіұлының да оқиға желісімен шығарған "Кемпірге арнау", "Қызға арнау" деп келетін күйлер қатары бар. Мұндай күйлер Қожекеде де кездеседі.
Енді мына қызыққа қараңыз: Сыбанқұл тек аңыз желісімен ғана күй шығарып қойған жоқ қой. Абай Құнанбайұлының ағайын інісі болып келетін Түсіпхан деген ақын тарихта белгілі. Сол Түсіпханның тағдыр-тәлейі Сыбанқұлды қатты тебірентсе керек. Себебі 25 жасына дейін 4 әйел алса да, бір перзент көрмей аһ ұрған ақынның зарлы үні Жетісудағы Сыбанқұлдың да құлағына жетеді.
… Қызыр дарып, бақ қонып,
Дариядай өрледім.
Жас та болсам, бас болып,
Алысқа қолды сермедім.
Бір күнгідей болмады,
Жиырма бесте көргенім.
Жолдасымды аялап,
Борыш келсе бергенім.
Қол қайыр жәрдем көп еттім,
Қайда кетті еңбегім?
Төрт қатын алдым үмітпен,
Бір шыр етер көрмедім, –
деп келетін өлең жолдары кімді бейжай қалдырғандай. Оның үстіне ақын Қызылжар сапарында зертең дейтін сырқатқа ұшырап, төсек тартып қалады. Қасындағы қырық жігітімен арыздасып, өлең-жыр арнайды. Осының бәрі енді Сыбанқұлдың домбырасынан күй болып төгіледі. Ақынның өмірі мен өнерін жақсы білетін күйші Түсіпханның қоштасуы мен арыздасуы өлеңдерінің негізінде бірнеше циклді күй шығарады. Бұл жайлы 1998 жылы жарық көрген Б.Мүптекеев пен С. Медеубековтің "Жетісудың күйлері" кітабында кеңірек жазылған.
Бір сөзбен айтқанда, Сыбанқұл Қалбасұлы – қазақтың күй өнеріндегі кесек тұлға, көне сарынның ардакүреңі, сонау сандаған ғасырдың қойнауындағы киелі сарынды кейінге жеткізген дүлділ домбырашы.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Сансызбай Нұрбаба