Қоғам

Банк қызметкерлері "Nomadgames" және "Sultangames" казиноларына заңсыз төлем жүйесін қосуға көмектескен

Іс материалдарына сәйкес, ойын бизнесі аталған сайттар мен олардың көшірмелері арқылы жүргізілген.

Онлайн казино

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті "Nomadgames" және "Sultangames" заңсыз интернет-казиноларының жұмысын қамтамасыз еткен адамдар тобына қатысты тергеуді аяқтады.

Ойыншылардан ақша қабылдау үшін төлем ұйымдары, банк эквайрингі, POS және интернет-терминалдар, электрондық әмияндар мен криптовалюта қолданылған көпсатылы жүйе пайдаланылған. Тергеу дерегінше, схемаға банк саласының өкілдері де қатысқан. Олар төлем инфрақұрылымына қосылуға көмектесіп, міндетті тексерусіз шарттар жасасуды және интернет-терминалдарға қажетті MCC-кодтарын беруді қамтамасыз еткен. Ақша операциялары заңды букмекерлік және өзге де кәсіпкерлік қызмет ретінде көрсетілген.

Осылайша электрондық терминалдар арқылы 188 млрд теңгеден астам қаржы айналымға түскен. Қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін күдіктілер бақылауындағы ЖШС пайдаланылып, жалған шарт негізінде оның шоттарына 10 млрд теңге аударылған. Кейін бұл қаражат криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің криптоәмияндарына жіберілген. Тергеу барысында жалпы сомасы 19 млн USDT болатын цифрлық активтердің қозғалысы анықталған.

Сот санкциясымен үш пәтерге, алты автокөлікке, сондай-ақ жалпы сомасы 1,4 млрд теңгені құрайтын криптоактивтер мен банк шоттарындағы қаражатқа тыйым салынған.

Іс бойынша екі күдікті қамауға алынып, тағы үшеуіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қалған екі күдіктіден елден кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алынған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз