«Айғайласаң өлтірем»: Талдықорғанда 10 жасар қызды көшеде зорламақ болған
Жетісу облысы Талдықорған қаласында оқушы қызға шабуыл жасаған жігіт ұсталды, деп жазды Zhasalash.kz.
Арызданушының айтуынша, қосымша сабаққа бара жатқан кішкентай қыздың соңынан белгісіз жігіт қалмаған. Жас жігіт қызды балабақша маңына жақындағы ұстап, шабуыл жасамақшы болған. Оқушы қызды ағаш арасына қарай сүйреп, «айғайласаң өлтірем» деп қорқытқан. №14 мектеп-гимназиясының 4 сынып оқушысы қаскөйдің шабуылынан босап шығып, жақын маңдағы компьютер клубына қашып тығылған.
«Бұл дерек қалалық полиция басқармасында ресми түрде тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жеке құрам жұмылдырылып, шағын ауданның периметрі қоршалды. Полицейлер қылмыстың «ізін суытпай» 19 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Күдікті қамауға алынды», - деп хабарлады Жетісу облыстық ПД баспасөз қызметі.
Іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істің тергеу барысы облыстық Полиция департаменті басшысының бақылауына алынды.