Шетелдегі заңсыз активтерді қайтару жеңілдеуі мүмкін
Қазақстан қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық көмек алу тетігін күшейтті.
Құрылтай 1959 жылғы 20 сәуірде Страсбургте қабылданған Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропа конвенциясын ратификациялады.
Құжатқа сәйкес, Конвенцияға қатысушы мемлекеттер белгіленген талаптарды сақтай отырып, бір-біріне қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуге міндеттеледі.
Қазақстанның ескертпелері мен мәлімдемелеріне сәйкес, ел мүлікті іздеу немесе оған тыйым салу туралы шетелдік сұрауларды іс-әрекет екі мемлекетте де қылмыс болып саналатын және Қазақстан заңнамасында көзделген жағдайда орындай алады.
Конвенция шетелде жүрген адамдарға қатысты да бірқатар тетікті қарастырады. Мәселен, шетел азаматы қамауға алынған, ұсталған немесе күзетпен қамалған жағдайда, оның талабы бойынша бұл туралы консулдық мекемеге хабарлау мүмкіндігі беріледі.
Сонымен қатар қылмыстық іске қатысуға шақырылатын адамға арналған шақыру құжаты оның қатысуы қажет болатын күннен кемінде 50 күн бұрын берілуі тиіс. Қазақстанға келіп түсетін құқықтық көмек туралы сұраулар қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге жолданады.
Қазақстанда халықаралық құқықтық көмек туралы сұрауларды қабылдау және жіберу жөніндегі орталық органдар ретінде Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура белгіленді. Жоғарғы Сот соттардың қарауындағы қылмыстық істерге қатысты сұрауларға жауап береді. Ал Бас прокуратура қылмыстық істер бойынша өзге де құқықтық көмек сұрауларын үйлестіреді.
Конвенцияға қосылу Қазақстанның шетелге шығарылған заңсыз активтерді іздеуге және оларды елге қайтаруға мүмкіндік беретін халықаралық құқықтық тетіктерін кеңейтеді. Сондай-ақ қазақстандық құқық қорғау органдарына шетелде жүрген қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер жинауға жағдай жасайды.
Құжат Қазақстанның Конвенцияға қатысушы мемлекеттермен қылмысқа қарсы күрес және құқықтық көмек көрсету бағытындағы ынтымақтастығын күшейтуге бағытталған.