Әлеумет

«Айыппұл емес, қамау қажет»: Бектенов түнгі тыныштықты бұзған жүргізушілерді қатаң жазалауды тапсырды

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов түнгі уақытта тыныштықты бұзған автокөлік пен мотоцикл жүргізушілеріне қатысты қандай шара қолданылып жатқанын сұрады.

автокөлік

Үкімет басшысы бұл мәселені Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен бұған дейін де бірнеше рет талқылағанын айтты. Оның сөзінше, түн ортасында көлік шуынан тұрғындардың тыныштығы бұзылып, адамдар ұйықтай алмай жүр.

«Қатты шулайтын мото және автокөліктер мәселесін бірнеше рет талқыладық. Оларға өте қатаң шаралар қабылдау қажет. Адамдардың түн ортасында мазасын алып, ұйқы бермей жатыр. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылып жатыр?» – деді Олжас Бектенов.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтарды анықтауға бейнебақылау камералары көмектеседі. Сонымен қатар тұрғындар 102 нөміріне хабарласып, полицияға шағым түсіріп отыр.

«Жыл басынан бері 372 факт тіркелді. Олардың барлығы бойынша әкімшілік жауапкершілік қолданылды. 55 азамат қамауға алынды. Көліктері айыптұраққа жеткізіледі. Бұл жұмысты одан әрі күшейтеміз», – деді министр.

Министрдің жауабын тыңдаған Премьер-министр жауапкершілікті қатаңдату қажеттігін тағы бір мәрте атап өтті.

«Оларға айыппұл емес, қамау қажет», – деді Олжас Бектенов.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз