Оқиғалар

Азаматхан Әміртаев: Қазақстанда ақша жоқ емес, оны тиімді жұмсау керек

Құрылтай сайлауы қарсаңындағы басты теледебатта партия жетекшілері бір-біріне сауал жолдап, сайлауалды бағдарламаларындағы бастамаларды талқылады.

Әміртай

Пікірсайыстың үшінші кезеңінде «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев партия бағдарламасындағы әлеуметтік бастамаларды қаржыландыру мәселесіне жауап берді.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов «Байтақтың» бағдарламасында 30 мың мемлекеттік пәтер салу, тегін білім беру және жаңа жәрдемақы түрін енгізу секілді бюджеттен қосымша қаражатты қажет ететін ұсыныстар бар екенін айтты. Ол осы бастамалардың қаржылық негізін сұрап, мұны популизм деп санауға бола ма деген сауал қойды.

Азаматхан Әміртаев бұған жауап ретінде мәселе бюджетте қаржының болмауында емес, қолда бар қаражатты тиімді пайдалануда екенін жеткізді.

«Қазақстанның Аудиторлық палатасының былтыр жүргізген тексерісі 2 триллион теңгеден астам қаржылық заң бұзу фактісін анықтады. Бұл – үлкен ақша. Демек, бізде қаражат жоқ емес, бар, тек оны тиімді игеріп, жұмсау керек», – деді «Байтақ» партиясының төрағасы.

Әміртаевтың пікірінше, мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын тиімді ұйымдастырып, қаржылық тәртіпті күшейту арқылы әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар.

Осылайша, «Байтақ» партиясының жетекшісі сайлауалды бағдарламадағы әлеуметтік ұсыныстарды іске асырудың бір көзі ретінде бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен қаржылық заң бұзушылықтарды азайтуды атады.

Тегтер: Байтақ
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз