Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:55

Әзербайжан ұшағының апатына Ресейдің зымыраны себеп болған - Euronews

Әзербайжан ұшағы
Фото: EPA / ТАСС

Алдын ала тергеу мәліметтері мұны растайды, деп жазды Euronews Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сілтеме жасап. Ресей мен Қазақстан түпкілікті қорытынды шығаруға әлі ерте дейді.

Желтоқсанның 25-і күні Қазақстандағы Әзербайжан ұшағының құлауына ресейлік «жер-әуе» зымыраны себеп болды. Бұл туралы Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сілтеме жасап Euronews хабарлады.

Басылым сұхбаттастарының айтуынша, Әзербайжанның Баку қаласынан Ресейдің Грозный қаласына ұшып бара жатқан ұшақ діттеген жеріне таяп қалғанда зымыран атылған. Осы кезде Грозныйда «дрондардың ауадағы белсенділігі» байқалды. Зымыран ұшақтың жанында жарылып, бортты зақымдаған.

Euronews ақпарат көздерінің хабарлауынша, зақымданған ұшақтың экипажы шұғыл қонуды сұраған, бірақ Ресейдің ешбір әуежайына қонуға рұқсат етілмеген. Осыдан кейін оларға Каспий теңізі арқылы Ақтау әуежайына ұшуға бұйрық берілген. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, теңіз үстінде ұшу кезінде ұшақтың GPS навигациялық жүйелері істен шыққан.

Желтоқсанның 25-і күні таңертең Әзербайжан әуе компаниясының Бакуден Грозныйға ұшатын Embraer 190 ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты. Бастапқыда ұшақтың апатқа ұшырауына құстармен соғысуы немесе борттағы оттегі баллонының жарылуы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар айтылды.

Ақтаудағы апаттан кейін ұшақтың бортында оқың ізіне ұқсас шұрық-тесіктері бар видео жарияланды.

Желтоқсанның 25-і күні ұшақ Грозный қаласына жақындаған кезде Ресейдің Әуе қорғанысы күштері украиналық пилосыз ұшақтардың шабуылын тойтармақ болған.

Ресей билігі ұшақ апатының себебін түсіндірмеді.

«Тергеу аяқталғанға дейін қандай да бір гипотеза құру дұрыс емес.  Тергеу аяқталғанша күтуіміз керек», - деді Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Әзербайжан ұшағы атып түсірілген болуы мүмкін деген болжамды айтуды дұрыс емес деп санайды.

«Мұндай болжамдарды тарату – қате және әдепсіздік... Комиссия, сарапшылар жұмыс істеп жатыр, сарапшылар бәрін бақылап отыр, қорытынды жасайды», - деді Әшімбаев.

Оның айтуынша, ұшақ апатын тергеуге Қазақстан, Әзербайжан және Ресей өкілдері тартылған. Бұл елдердің ешқайсысы шындықты жасыруға мүдделі емес, деді Сенат төрағасы.