Азия кубогы – Түркістандағы триатлон мерекесі
2025 жылғы 26–28 қыркүйек аралығында Түркістанда Asia Triathlon Cup Turkestan 2025 жарысы өтті.
Дәстүрлі рухани астанаға жиналған додаға Азия аймағынан ғана емес, өзге де құрлықтардан келген мықты спортшылар қатысып, нағыз халықаралық деңгейдегі бәсеке ұйымдастырылды.
Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Австрия, Словакия, Чехия, Корея, Германия, Жапония, Эстония, Финляндия, Ресей және Беларусьтен келген атлеттер бақ сынады.
Бағдарламада үш санат қамтылды:
Elite – стандартты қашықтық: 1,5 км жүзу + 40 км велоэтап + 10 км жүгіру;
Junior – спринт: 750 м жүзу + 20 км велоэтап + 5 км жүгіру;
Age Group – стандартты қашықтық: 1,5 км жүзу + 40 км велоэтап + 10 км жүгіру.
Elite Men санатында Ресей спортшылары жеңісті қолдан шығармады: алтынды – Денис Колобродов, қоланы – Роман Минеев алды. Күміс жүлдені Қазақстан атлеті Дарын Қонысбаев жеңіп алды.
Elite Women арасында ресейлік Татьяна Баскакова чемпион атанды. Жапония өкілі Минори Икено – күміс, ал Беларусьтен келген Алина Синевич – қола жүлдеге ие болды.
Junior Men додасы толықтай қазақстандықтардың еншісінде: Елмұрат Қанай – бірінші, Арсений Шевченко – екінші, Никита Дубовицкий – үшінші орын.
Junior Women санатында да қазақстандық қыздар көзге түсті: чемпион – Аида Ким, үшінші орын – Рамина Агабаева. Ал күміс жүлдені қырғыз спортшысы Ралина Артықходжаева иеленді.
Бұл нәтижелер жас спортшыларымыздың халықаралық аренада лайықты бәсекелес бола алатынын дәлелдеді.
Жарысқа 93 спортшы мен бір команда қатысты. Олардың ішінде Қазақстанның ірі қалаларынан (Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Рудный, Екібастұз, Орал, Атбасар, Түркістан) және шетелден – Ташкент, Бішкек, Минск қалаларынан келген әуесқойлар бар.
Ең жас қатысушы – 2007 жылы туған жасөспірім болса, ең тәжірибелісі – 1964 жылғы спортшы. Бұл триатлонның жас талғамайтын жанкүйерлік спорт екенін тағы бір рет көрсетті.
Жарысқа арнайы келген аты аңызға айналған триатлет, алты дүркін Ironman әлем чемпионы Марк Аллен қазақстандық спортшыларға сәттілік тілеп, өзінің ақ батасын берді. Бұл кездесу жас атлеттер үшін үлкен шабыт пен мотивация көзіне айналды.
Түркістандағы Азия кубогы Қазақстандағы триатлонның дамуына тың серпін берді. Атлеттердің жоғары дайындық деңгейі мен жас буынның жеңістері еліміздің халықаралық аренадағы орнын нығайтып, алдағы Олимпиада рейтингінде биік мақсаттарға ұмтылатынын көрсетті.