Азия ойындарында триатлоншы Арлан Жанабай қола жүлдегер атанды.
Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында қазақстандық триатлоншы Арлан Жанабай қола жүлдегер атанды.
Ерлер арасындағы жекелей сында Жанабай мәреге 53 минут 11 секундта жетіп, үшінші орын алды. Алтын жүлдені жапониялық Такауми Ходжо (52:56), күмісті қытайлық Чжан Сюжуй (53:05) иеленді.
Арлан Жанабай биыл халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдеге іліккен. Ол Қытайдың Тайчжоу қаласында өткен Азия кубогы кезеңінде қола, ал Түркістандағы Азия кубогы кезеңінде күміс медаль жеңіп алған.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бұл – Қазақстанның Азия ойындары тарихындағы триатлоннан алған екінші жүлдесі. Бұған дейін қазақстандық спортшылар бұл спорт түрінен бір ғана қола медаль иеленген.
Бұған дейін велошабандоз Рината Сұлтанова Қазақстан құрамасына Азиада-2026-ның алғашқы алтын медалін әкелген еді.