спорт

Жібек Құламбаева Чилидегі турнирдің чемпионы атанды

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Чилидің Колина қаласында өткен WTA 125 санатындағы жарыстың жұптық сынында жеңіске жетті.

Жібек Құламбаева

Ол бұл жолы словениялық Вероника Эрьявецпен бірге топ жарды, деп хабарлады Sports.kz.

Финалда екінші нөмірмен тіркелген қазақстандық-словениялық жұп турнирдің бірінші ракеткалары – украиналық Валерия Страхова мен ресейлік Анастасия Тихоновамен кездесті. Тартысты бәсеке 6:4, 6:3 есебімен Құламбаева мен Эрьявецтің пайдасына аяқталды. Ойын бір сағат 16 минутқа созылды.

Финалға дейін олар ширек финалда түркиялық Ипек Өз бен грекиялық Деспина Папамихаилді 6:0, 6:2 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда австралиялық Теника Макгиффин мен Александра Осборннан басым түсті. Бұл кездесу үш сетке созылып, 7:6 (9:7), 3:6, 10:4 есебімен аяқталды.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 115 мың долларды құрады. Жұптық сындағы жеңісі үшін Құламбаева мен Эрьявец алты мың долларды өзара бөлісіп, рейтингке 125 ұпайдан қосады.

Дүйсенбі күні жаңартылатын WTA жұптық рейтингінде Жібек Құламбаева 78-орынға көтеріледі деп күтілуде. Бұл – теннисшінің жеке мансабындағы ең үздік көрсеткіші. Ал жекелей сында ол осы аптада 378-орында тұр.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық спортшы Колумбияда өткен WTA 125 турнирінің жұптық сынында да жеңіске жеткен. Осылайша, ол биылғы маусымдағы сегізінші титулын еншілеген еді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз