Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:30, 16 Мамыр 2024

Баку мен Ереван шекарасы. Алматыдағы келіссөзде не айтылды?

Алматы
Фото: из открытых источников

10-11 мамырда Алматыда Армения Республикасы сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян мен Әзербайжан Республикасының сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов арасындағы келіссөз өтті. Кездесуде Баку мен Ереван арасындағы жанжалдан кейінгі қарым-қатынасты реттеуге қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды.

Екі елдің сыртқы істер министрліктері хабарлағандай, Алматыдағы Достық үйінде өткен келіссөз екі мемлекет арасында бейбітшілік орнату туралы екіжақты келісім жобасын талқылауды жалғастыруға көмектесті.

Бұған дейін дипломаттар Берлинде кездесу өткізген. Ал Алматыдағы екі күнге созылған келіссөз нәтижесінде Баку мен Ереван өкілдері шекараны делимитациялау барысын тездетуді және осы бағытта келісім жасауды құптады.

Дипломаттардың айтуынша, қос тарап арасында әлі де келіспеушіліктер бар. Бірақ екі елдің министрлері мұндай мәселелер бойынша келіссөзді жалғастыруға келісті.

Әзербайжан сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов өз сөзінде Алматыдағы кездесу Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру үдерісінің маңызды бөлігі екенін атап өтті.

Ол сараптамалық топтардың жұмыс істеп жатқанын, мемлекеттік шекараның тиісті бөліктерінде минадан тазарту жұмысы бірлесіп жүргізілгенін, географиялық координаттар нақтыланғанын, бұл аумақта шекаралық тіректер орнату жұмысы аяқталуға жақын екенін айтты. Джейхун Байрамов Әзербайжан тарапының бүгінгі кездесуге үлкен мән беріп отырғанын жеткізді.

«Біз бұл үдеріске айрықша көңіл бөліп отырмыз, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға дайынбыз. Алматыдағы келіссөз өте пайдалы болды деп ойлаймын. Негізгі мәселелердің шешімін табу үшін Алматыдағы екі күнде оңды жұмыс істей алдық деп есептеймін», – деді Джейхун Байрамов.

Ал Армения сыртқы істер министрлігінің басшысы Арарат Мирзоян Қазақстандағы екіжақты кездесудің тарихи мәні бар екенін атап өтті. Өйткені кездесу 1991 жылы әйгілі Алматы декларациясына қол қойылған ғимаратта өтіп жатыр. Аталған құжатқа қол қою арқылы бұрынғы кеңестік 11 республика олардың арасындағы бұрынғы әкімшілік шекаралар тәуелсіз мемлекеттердің шекарасы ретінде танылатынын мойындаған.

«Кейінгі екі жылда Арменияның премьер-министрі де, Әзербайжан президенті де Алматы декларациясына адал екендерін бірнеше рет растағанын атап өткім келеді», – деді Мирзоян.

Ол екі мемлекет арасындағы делимитация үдерісі осы құжат негізінде жүруі керек екенін баса айтты. Сондай-ақ ол Армения бейбітшілікке, бейбіт келісімге келуге үміттеніп отырғанын атап өтті. Әрі Ереван келіссөз процесі сәтті жүретініне сенетінін жеткізді.

«Сонымен қатар біз бейбітшілік шартына қол қоюмен шектеліп қалмауымыз керек деп ойлаймыз. Біз келіссөздер арқылы бұдан да көп оң нәтиже шығара аламыз», – деп түйіндеді Арарат Мирзоян.

Ал 13 мамыр күні Астанада «Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасындағы қарым-қатынасты бейбіт реттеу алаңына айнала ала ма?» тақырыбында Астана-Баку бейнекөпірі өтті. Аталған баспасөз жиынында Алматыда өткен Әзербайжан-Армения келіссөзінің қорытындысы жайлы сөз болды.

Сарапшылар Қазақстанда келіссөз өткізудің маңызына тоқталды. Кездесу не үшін Қазақстанда өтті?

Біріншіден, Астананың екі елмен де қарым-қатынасы жақсы. Екі елмен де ортақ тарихи дәстүрі бар, өзара тілдері түсінікті. Бұл фактор келіссөзден оң нәтиже шығаруға септігін тигізуі мүмкін.

Екіншіден, Қазақстанның медиация және бейбіт келіссөздерді ұйымдастыру саласында тәжірибесі мол. Біздің елде бұған дейін де мұндай кездесулер өткен. Қазақстан Әзербайжанмен бауырлас ел, ал Армениямен бірнеше көпжақты форматтағы ұйымдарға мүше болып отыр.

Үшінші әрі ең маңыздысы, Қазақстанда геосаяси амбиция немесе өз ұстанымын бір елге мәжбүрлеп таңу ойы жоқ. Әрине, Астана бұл кездесуді бекер ұйымдастырып отырған жоқ. Әзербайжан мен Арменияның тыныштығы аймақтағы елдерге ауадай қажет. Қазақстанның ішкі есебі де осы. Бірақ біздің елде Баку мен Ереванды өз мүддемізге жықсақ деген амбиция жоқ.

Мысалы, келіссөз Еуропа елдерінде немесе Ресейде өтсе, отағасы ел қос тарапты өз жағына тартуға күш салуы мүмкін. Тіпті кейбір ел Баку мен Ереван арасындағы қақтығыстың ушығуына мүдделі. Бұған дейін Мәскеу Арменияның қолтығына су бүркіп, жанжалға түрткі болып келгені жасырын емес.

Қазір мұны Әзербайжан мен Армения жақсы түсініп отыр. Сол үшін де Берлиннен кейінгі кездесуді Орталық Азияда өткізуге бел буды. Дәл қазір Қазақстанда өзге елге ықпал ете қоятын күш-қуат жоқ екенін екінің бірі біледі. Оның үстіне Орталық Азия елдерінің бейтараптықты сақтай отырып, келісілген ұстанымда әрекет етуге қабілетті Швейцарияның аналогына айналуға мүмкіндігі бар.

Алматыға сапар барысында Әзербайжан мен Арменияның министрлері Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен жеке және екіжақты форматта кездесу өткізді.

Қазақстан мен Әзербайжан кездесуінде Астана-Баку стратегиялық әріптестігі мен одақтастығын одан әрі нығайту мәселесі талқыланды. Екі тарап тауар айналымы мен транзит-тасымал көлемін ұлғайту жөнінде уағдаласты.

Ал Қазақстан мен Армения кездесуінде екі ел арасындағы саяси диалогтың даму динамикасына оң баға берілді. Қазақстан президентінің Ереванға сәуірдегі сапары барысындағы келіссөздің жалғасы ретінде екіжақты мәселелер талқыланды. Кездесу барысында екі елдің министрлері өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасты.

Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрі қазақстандық әріптесіне келіссөз алаңын ұсынып, Баку мен Ереван арасындағы бейбітшілік процесін ілгерілетуге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Қуан Өмірхан