"Балаларымды қайтарғым келеді": Ақбаян Мұқанғалиева туыстарының өлімінен бейхабар
Бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемалиев төрт туысын өлтіріп, өзін шетелге алып қашқан Атырау облысының тұрғыны Ақбаян Мұқанғалиева алғаш рет қазіргі жағдайы туралы айтып берді.
Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Ата-анасынан, бауыры мен әпкесінен айрылған әйел әлі күнге дейін отбасының басына түскен қайғылы оқиғадан бейхабар. Қазір ол өмірін қайта қалпына келтіріп, балалар үйіне орналастырылған бес баласын өз қамқорлығына алуға тырысып жүр.
Туыстарының үйінде тұрып жатқан Ақбаянның жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Алайда оған ұзақ уақыт бойы емделіп, оңалту курсынан өту қажет. Жақындары әйелге қолдау көрсетіп, мамандардың көмегіне жүгінуіне жағдай жасауға тырысып жүр. Олар Ақбаянның ата-анасы мен бауырлары туралы сұрай бастауынан алаңдайды.
"Мамандар оған шындықты естуге әлі дайын емес екенін айтты. Сондықтан әзірге ештеңе айтпай отырмыз. Болған оқиғаның бәрін жеткізсек, оның жағдайы қалай өзгеретінін білмейміз. Қайтадан жанын жаралап алудан қорқамыз. Ең бастысы – оның аяғынан тұрып кетуі", – деді туысы Әсила Мұқанғалиева.
Еске салайық, Сұлтан Сәрсемалиев Ақбаянның ата-анасын, бауыры мен әпкесін өлтіргеннен кейін әйелді өзімен бірге Индонезияға алып қашқан. Кейін екеуі де табылды. Бастапқыда Ақбаянның өзіне де күдік түскен. Алайда оның жағдайы ауыр екені және айналасында не болып жатқанын толық түсінбейтіні анықталған.
Бесінші баласын ауыр босанғаннан кейін Ақбаянға ота жасалып, жадында үлкен олқылықтар пайда болған. Психиатриялық сараптамалардан соң оған қатысты күдіктер алынып тасталды. Әйел біраз уақыт психиатриялық диспансерде емделген.
Қазір Ақбаян балаларының есімдері мен туған күндерін жақсы есте сақтайтынын айтады. Ол балаларымен апта сайын кездесіп, оларды үйіне алып кетуді армандайды.
"Кенжем жылайды. "Мені алып кетші" деп сұрайды. Үлкен балаларым жағдайды түсінеді. Аптасына екі рет психологқа барамын. Әзірге басқа жерде дәрігердің бақылауында емделіп жүрген жоқпын. Кейде басым ауырады, бірақ кейін басылады", – деді ол.
Туыстарының сөзінше, Ақбаян бұрынғы өміріндегі адамдарды танып, өткенін біртіндеп еске түсіріп жүр. Дегенмен бесінші баласы дүниеге келгеннен кейінгі кезең оның жадынан өшіп қалған. Жақындары әйелдің сауығып кетуіне көмектесу үшін оны Алматы немесе Астанадағы білікті мамандарға көрсетуді жоспарлап отыр.