Әлеумет

Балашихада тағы бір ресейлік генерал қаза тапты

Мәскеу маңындағы Балашиха қаласында көлікке орнатылған жарылғыш құрылғы іске қосылып, жүргізуші оқиға орнында қаза тапты. Телеграм-арналардың мәліметінше, көз жұмған адам Ресей Қорғаныс министрлігінің Бас зымыран-артиллерия басқармасының бастығы Дамир Давыдов болған.

1

9 маусым күні таңғы сағат 05:30 шамасында Балашиха қаласындағы Авиаторлар шағынауданындағы Колдунов көшесінде BMW X3 автокөлігі жарылды. Жарылыс көлік тұрақтан шығып бара жатқан сәтте болған. Жүргізуші сол жерде көз жұмды.

Мәскеу облысының Тергеу комитеті мен прокуратурасы жарылыс болғанын растағанымен, қаза тапқан адамның аты-жөнін жариялаған жоқ. Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады, алайда оның нақты қай бап бойынша тергеліп жатқаны айтылмады.

Дереккөздердің мәліметінше, қаза тапқан адам Ресей Қорғаныс министрлігінің Бас зымыран-артиллерия басқармасының жетекшісі Дамир Давыдов болған. Бұл туралы алғаш болып «ВЧК-ОГПУ» телеграм-арнасы жазды. Онда Давыдовтың генерал-лейтенант шенінде екені көрсетілген. Кейін бұл ақпаратты Украина қорғаныс министрі кеңесшісі Сергей Стерненко мен Insider UA басылымы да таратты.

Astra телеграм-арнасының дерегіне сәйкес, көліктің астына қолдан жасалған жарылғыш құрылғы орнатылған. Ал «Коммерсант» басылымының жазуынша, оның қуаты тротил эквивалентімен есептегенде шамамен 500 грамм болған.

Дамир Давыдовтың есімі Украинаның «Миротворец» базасына енгізілген. Украинадағы ашық дереккөздер оның 57 жаста болғанын, Пенза-19 (қазіргі Заречный) қаласында өскенін жазады. Әкесі Рафаил Давыдов ядролық зымырандарға арналған бөлшектер шығарған «Старт» өндірістік бірлестігінде еңбек еткен.

Ал Ресейдің күштік құрылымдарына жақын Shot телеграм-арнасы Давыдовтың 62 жаста болғанын хабарлады.

Ресейлік ашық дереккөздерде Давыдов туралы мәліметтер 2009 жылғы «Красная звезда» газетінде кездеседі. Онда ол Қорғаныс министрлігінің Ракета-артиллерия бас басқармасына қарасты 51-арсенал жанындағы Орталық сынақ-техникалық бюросының командирі, полковник ретінде аталған.

Оның есімі 2019 жылғы жаңалықтарда да кездеседі. Сол кезде Давыдов Ресей Қорғаныс министрлігінің әскери делегациясы құрамында Қазақстанға Бас зымыран-артиллерия басқармасының басшысы ретінде келген болатын.

Ресей құқық қорғау органдары әзірге Балашихадағы жарылыстан қаза тапқан адамның жеке басын ресми түрде жариялаған жоқ. «Агентство» басылымы бұған дейінгі осындай оқиғаларда қаза тапқандардың аты сол күні-ақ белгілі болғанын атап өтті.

Айта кетейік, жарылыс болған Балашихадағы Авиаторлар шағынауданы бастапқыда әскери зейнеткерлерге арналған аудан ретінде салынған. Дәл осы жерде 2025 жылдың сәуірінде Ресей Қарулы күштері Бас штабының Бас жедел басқармасы бастығының орынбасары Ярослав Москаликтің көлігі де жарылған еді.

Сол кезде Ресей Тергеу комитеті бұл оқиғаға байланысты Украина қауіпсіздік қызметінің тапсырмасымен жасалған террорлық акт бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Істі орындаушы ретінде Игнат Кузин ұсталып, кейін өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз