«Росатом» Қазақстандағы АЭС салынатын жерде зерттеу жұмыстары аяқталғанын мәлімдеді
Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв Қазақстанда атом электр станциясы салынатын алаңдағы зерттеу жұмыстары іс жүзінде аяқталғанын мәлімдеді.
Бұл туралы ол Ресей президенті Владимир Путинге атом энергетикасын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте баяндады.
«ВВЭР-1200 үлгісіндегі екі энергоблок орналасатын алаңдағы зерттеу жұмыстарын іс жүзінде аяқтадық», – деді Лихачёв Алматы облысындағы Балқаш көлінің жағасында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы.
Бұған дейін Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылыс басталар алдында жердің табиғи ерекшеліктерін, топырағы мен климатын зерттеуге бағытталған іздестіру жұмыстарын 2026 жылдың соңына немесе 2027 жылдың басына қарай толық аяқтау жоспарланғанын хабарлаған. Үлкен ауылы маңындағы АЭС іргетасын құю 2029 жылға жоспарланып отыр.
Лихачёв Өзбекстандағы АЭС жобасына да тоқталды. Оның айтуынша, онда құрылыс «алғашқы бетон» кезеңіне жеткен. Маусым айында Өзбекстан мен Ресей президенттері Шавкат Мирзиёев пен Владимир Путин Жизақ облысындағы интеграцияланған АЭС-тің алғашқы энергоблогының құрылысын бастаған еді. Өзбекстан билігі болашақ энергоблоктың іргетасына «алғашқы бетон» құйылғанын хабарлаған.
Өзбекстандағы жоба бір алаңда шағын және ірі қуатты энергоблоктар салуды көздейді. Шағын қуатты блоктарға РИТМ-200Н реакторлары орнатылады. Бұған дейін «Өзатом» құрылыс алаңында бетон жұмыстары басталғанын және ресейлік РИТМ-200Н ядролық қондырғысы бар энергоблокты салуға лицензия берілгенін мәлімдеген.
Осы аптада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев елде екінші АЭС салуға дайындық жүріп жатқанын да айтты. Алайда оның мердігері, салынатын орны мен құрылыс мерзімі әзірге жарияланған жоқ.
Ал Қазақстанда екінші және үшінші АЭС құрылысын Қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC) компаниясына беру жоспарланған. Олардың нақты салынатын орындары әзірге бекітілмеген.