Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 21 Мамыр 2024

Балықшылар субсидия ала ма?

балықшы
Фото: vetgon.ru

Жамбыл облысының атқамінерлерінің жергілікті БАҚ өкілдерімен жиындағы ұзын-сонар әңгімесінен «Тараздың қараңғы көшелерін жарық қыламын, өңірді балыққа қарық қыламын» деген сөзі есімізде қалыпты.

 Қараңғы Тараз қашан самаладай жарқырап тұратынын уақыт көрсете жатар, ал әкімнің балыққа қарық қыламын дегені іске аса бастағандай.

Расында, өңірде жыл санап балық шаруашылығының әлеуеті артып келе жатқанын байқаймыз. Оны облыс аумағында көбейіп жатқан су айдындары мен осы салаға бөлініп жатқан субсидия көлемінен де аңғаруға болады. Қазіргі таңда облыста балық шаруашылығына бағытталған 2021-2030 жылдарға арналған даму бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Бұл ретте өңірде балық өсірумен айналысатындар көбейіп, өнімдерді шетелге экспорттау мүмкіндігі ұлғаюда.

Балық шаруашылығымен айналысу бұған дейін табысты кәсіп санатында емес еді. Алайда аталған бағдарлама іске қосылғалы өңірде балық өсіріп, байлыққа жетем дейтіндердің қарасы көбейген. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің бас маманы Ерсұлтан Ғалиевтің айтуынша, биыл облыста жоспар бойынша 1375,9 тонна балық, оның ішінде 904,6 тонна сазан, 47,3 тонна форель өсіру жоспарланып отыр. Салыстыру үшін 2022 жылы 483 тонна, 2023 жылы 867,6 тонна, оның ішінде форель 623,6 тонна, сазан 244 тонна болған еді. Жыл басынан бері өңірде 1251,6 тонна балық ауланған, оның ішінде Балқаш көлінде 1224,1 тонна, жергілікті балық шаруашылығы су қоймаларында 27,5 тонна балық ауланған. Қазіргі уақытта облыста жергілікті маңызы бар 131 балық шаруашылығы су айдыны және республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі (2022 жылы 142 балық шаруашылығы су айдыны болған) бар. Жергілікті маңызы бар 97 су объектісі 95 табиғат пайдаланушыға бекітілген. 34 балық шаруашылығы су қоймалары бос тұр. Балық аулауға квота бір жылға беріледі. 2023 жылдың 1 шілдесінен 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін лимит 1772,4 тоннаны құрады, оның ішінде Балқаш көлі бойынша 1730 тонна, жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары бойынша лимит 42,4 тонна. Бүгінде жамбылдықтар сазан өсіруге көбірек қызығушылық танытып отыр. Себебі сазанның тез өсуіне соншалықты ерекше талаптың қажеті жоқ. Шығын аз кетеді. Шамамен екі жасында сазанның салмағы 1,5-2 келіге жетеді. Мәселен, «Жанболат» шаруа қожалығы бір жылда 25 тонна, «Бағдатбек» шаруа қожалығы екі тонна, «Тоба» шаруа қожалығы 40 тонна, «Жуалы и К» ЖШС 117 тонна, «Сандель-Агро» ЖШС 5 тонна, «Арслан» жеке кәсіпкерлігі бес тонна, «Алтын бұлақ» шаруа қожалығы 50 тонна сазан өсірген.

Балықтың форель сұрыпы сазаннан кейін екінші орында тұр. Бұл балықты өсіріп жатқан шаруашылықтар аз емес. Мысалы, «Атамекен» шаруа қожалығы бір жылда 20 тонна форель, «Ислам» шаруа қожалығы 50 тонна, «Сүйіндік» шаруа қожалығы 45 тонна, «Саурамбаев» жеке кәсіпкерлігі алты тонна, «МЕРЕДИАН» ЖК 10 тонна форель өндірді. «Янтарь» ЖК 90 тонна, «Айжан» ЖК 95 тонна, «Қордай балық» ЖШС 220 тонна, «Балық өнеркәсібі» ЖШС 2,6 тонна, «Тараз Эко Фиш» ЖШС 20 тонна форель өсіріп, көл-көсір пайда көріп отыр. Меркі ауданындағы «Bester Yard» ЖШС жамбылдықтарды көптен бері африкалық жайынның етімен қамтамасыз етіп келеді. Бұл жылуды жақсы көретін балық, сондықтан бассейндегі температураны 26 градустан сәл жоғары ұстау керек. Уылдырықтың сау болуын қамтамасыз ету үшін көбейту процесі жасанды түрде жүргізіледі. Мұнда соңғы уақытта жайыннан бөлек, форель өсіріледі. Қазір бес мың шабақ бар. Болашақта бекіре өсіру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде үш мың балық алдыруға келісімшарт жасалған. «Bester Yard» ЖШС жылына 20 тоннаға жуық африкалық жайын алады. Өнімдер жергілікті нарықта сатылады. Қытай жайын етіне қызығушылық танытып отыр. Бірақ өндіріс көлемі аз болғандықтан балықты жеткізу тиімсіз. Құрылысы жүріп жатқан жалпы қуаттылығы жылына 130 тонна балық өндіретін зауыт бұл мәселеден жол табуға көмектеседі деп күтілуде. Зауыт биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Болашақта балық етінен шұжық өндіру де серіктестіктің маңызды жоспарларына еніп отыр.

«Мұндай шұжықтарды өндіру идеясы соңғы кездері балық өсіретін шаруашылықтар санының айтарлықтай өскенімен байланысты. Көпшілігінде балық өнімдерін өңдейтін цех бар. Дегенмен ауқым әлі де аздау. Мұндай жағдайларда балық шұжығының танымалдылығы артпаса, кемімейді. Себебі балық етінде бірқатар май қышқылдары болады, ал оның пайдасы мол», – деп түсіндірді ЖШС директоры Татьяна Боровикова.

Балық өндірісінің ұлғаюы бизнестің осы салаға қызығушылығының артуына, әсіресе салаға мемлекеттік қолдау көрсетілуіне тікелей байланысты. Балық шаруашылығының салық жүктемесін азайтуға, сондай-ақ инвестиция есебінен өтемақы алуға мүмкіндігі бар. Бұған қоса, олар жем құнының бір бөлігін және шабақтарды, дәрі-дәрмектерді және бағалы балық түрлерінің аналығын сатып алу құнын жабатын субсидияларға сенім арта алады.

«Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен субсидиялауға 281 миллион теңге бөлінді, оның 204,3 миллион теңгесі балық азығын сатып алу шығындарының 30 пайызын субсидиялауға және 76,7 миллион теңгесі балық егістік материалдарын субсидиялауға», – деді облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің бас маманы Ерсұлтан Ғалиев.

Өткен жылы Kezekte.kz BALYQSHI ақпараттық платформасы арқылы 18 тауар өндіруші балық жемі мен асыл тұқымды балық сатып алу шығындарын субсидиялауға 45 өтінім берген. Шығындарды өтеуге берілген субсидиялар көлемі 222 миллион 714 мың 069 теңгені құраған. Ағымдағы жылы балық шаруашылығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге бөлініпті. Оның ішінде балық азығын сатып алуға кеткен шығындардың 30 пайызын өтеуге 130,1 миллион теңге, балықтың тұқымдық материалын сатып алуға 65,9 миллион теңге жұмсалған.

Алдияр Ақжүрек

Жамбыл облысы

Тегтер: