Атыраудағы жантүршігерлік қылмыс: Сұлтан Сәрсемалиев марқұмдардың атынан туыстарына хат жазып жүрген
Атырау қаласында бес адамның қазасына қатысты қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша сот отырысында куәгерлерден жауап алынды.
Сот барысында айыпталушының қылмыстан кейін де марқұмдардың атынан олардың туыстарымен бірнеше ай бойы хат алмасып келгені анықталды. Қайтыс болған азаматтың немере ағасы бұл жағдайға күдік хаттардың мазмұны мен жазылу стилі арқылы туындағанын айтты.
«Наурыз әдетте қате жіберіп жазатын. Ал бұл хаттардағы жазу мәнері мүлде бөлек болды», – деді ол.
Сотта сонымен қатар тергеу деректері де жарияланды. Мәліметке сәйкес, оқиға орнынан қан іздері бар балта табылған, алайда сараптама нәтижесі ондағы қанның жәбірленушілерге тиесілі емес екенін көрсеткен. Бұған қоса, үйдің кіреберісіндегі төсеніштің астынан қосалқы кілт анықталған. Оның кімге тиесілі екені және қалай пайда болғаны әзірге белгісіз.
Қазіргі уақытта іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.