Саясат

«Басшыны жергілікті кадрлардан қойсын»

Шымкент соңғы жылдары бас дәрігерге жарымай келеді. Республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған екі жыл ішінде қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы үш мәрте ауысыпты.

«Басшыны жергілікті кадрлардан қойсын»

Соңғы басшы Рүстем Албаев басқарма басшылығынан шілденің ортасында кеткен болатын. Содан бергі аралықта мегаполистің бас дәрігерінің креслосы  бос тұр.  

Ал жаңа басшыны тағайындауға қатысты қоғамда әрқилы пікірлер, тіпті тың ұсыныстар бар.

Республикалық мәртебе алған Шымкенттің денсаулық сақтау саласын басқарған үш басшы да сырттан келген кадрлар. Алғашқы бас дәрігер Нұрлан Қасымов бұл қызметке Павлодар облысынан келді. Бірнеше айдан кейін орнынан кетті. Былтыр сәуірде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов басқарма басшылығына Асхан Байдувалиевті алып келген болатын.  Оңтүстіктің топырағында туып-өсті демесеңіз, жұмыс тәжірибесі өзге өңірде өрілген Байдувалиев биыл наурызда жұртшылықпен әлеуметтік желі арқылы қоштасып, жылы орнын суытқан еді. Оның орнын басқан Рүстем Албаев Ақмола облысынан келді. Еңбек жолында президенттің іс басқармасында жұмыс істеген. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бұған дейін  осы мекемеде лауазымды қызметтер атқарғаны белгілі. Алайда Әйтеновтің өз кадры саналған Албаевтың  Шымкенттегі басшылық қызметі үш айдан асқан жоқ.

Албаев қызметінен кеткеннен кейін, көп ұзамай алдыңғы бас дәрігер Асхан Байдувалиевке қатысты тергеу амалдары жүріп жатқаны белгілі болды. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы мен қалалық №1 клиникалық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері бюджет қаржысын талан-таражға салды деп, күдікті ретінде тергеліп  жатқанын ақпарат құралдарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аға тергеушісі Қайсар Баржақсынов хабарлады.  Қылмыстық іс «52 миллион теңге қаражатты талан-таражға салу» дерегі бойынша қозғалған. Қос экс-басшы 2019 жылы S класты дәрігер-оториноларингологтің жұмыс орнына қажетті құрал-жабдықты сатып алуда қымбат бағаны көрсете отырып, қазына қаржысын жымқырғанға ұқсайды. Рас, тергеушілер екі айыпталушының аты-жөндерін атаған жоқ. Алайда олардың бірі – Асхан Байдувалиев, ал екіншісі Абылай Донбай екені айтпаса да түсінікті еді.

 Осы жерде айта кетейік, Шымкенттегі №1 клиникалық аурухананың бұрынғы бас дәрігері, танымал трансплантолог  Абылай Донбай бұл кезде онсыз да істі болып жатқан. Былтыр күзде оған Қылмыстық кодекстің 264-бабы 2-тармағында (трансұлттық қылмыстық топқа қатысу) және 116-бабы 3-тармағында (адам ағзасын заңсыз алу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылыққа жол берді деген айып тағылған. Ішкі істер министрлігі тергеу департаменті таратқан мәлімет  бүкіл елді ғана емес, шетелдің ақпарат құралдарын да  дүрліктірді. Ресми мәліметтерге қарағанда, 2017-18 жылдары Қазақстан аумағында ұйымдастырушысы шет мемлекеттің азаматы болып табылатын қылмыстық топ адам ағзаларын трансплантациялау бойынша әрекет еткен. Донор ретінде тұрмыстық ауыр жағдайға тап болу салдарынан бүйректерін сатуға мәжбүр болған Өзбекстан, Қырғызстан, Украина азаматтары тартылған. Ал реципиенттер алыс шетелдердің, негізінен, Израильдің қалталы азаматтары болған.

       «Тергеу барысында азамат А.Донбайдың қылмыстық топ мүшелерінің әрекеттерін біле отырып, олармен алдын ала ымыраласу арқылы адам ағзасын сатып алу-сатуға заңнамада тыйым салынғанына қарамастан, қомақты ақшалай сыйақыға бүйректі алу және қайта салу бойынша заңсыз операциялар жүргізген», – делінген болатын ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратта. Әрине, мұның ақ-қарасын ажырату, баға беру біздің құзырымыздағы дүние емес.

        Дегенмен қоғамда қызу пікірталас тудырған осындай оқиғалардан кейін жергілікті дәрігерлер арасында «енді сырттан басшы әкеліп тағайындаудың қажеті жоқ» деген пікірлер айтыла бастады. «Себебі бізді  сырттан келген кадрлар  ұятқа қалдырып жатыр», – деді осы бастаманы көтерушілердің бірі, ұзақ жыл Шымкентте бас дәрігер қызметін атқарған,  «Оңтүстік» медицина қызметкерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Икрам Төлеев.

       Оның айтуынша,  Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына да уақтысында көп кадрлар сырттан әкелінді. Солардың көпшілігі жарытып жұмыс істеген жоқ. Өйткені жергілікті кадрлармен тіл табыса алмаған. 

– Сырттан келген кадрлар жергілікті ахуалды жақсы білмейді. Ауруханалардың жағдайынан хабарсыз. Соның бәрімен танысып шығу үшін көп уақыт жоғалтады. Кейбір кадрлардың бар ойы – Шымкентті тек баспалдақ ретінде пайдалану. Көлденең табыс тауып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға былығып жатқандары да жоқ емес. Осыларды ойлап отырсаң, намысың келеді. Жергілікті жерде басқарма басшысы бола алатын бір кадр жоқ па?! Бізде де тәжірибелі, ғылым кандидаттары, ғылым докторлары толып жатыр. Оларға тек мүмкіндік беру қажет. Осы мәселені биыл Шымкентте «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен өткен жиында көтердім. Б.Байбек ұсыныстарымның бәрін жақсы қабылдады. Алайда арада екі-үш апта өткен соң, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Басшыны тағы да сырттан әкелді. Осыдан кейін қалалық әкімдікке тағайындалатын жаңа басшыға қатысты екі талап қойдық. Біріншіден, басшы міндетті түрде жергілікті кадрлардың арасынан тағайындалуы керек. Екіншіден, қалалық денсаулық сақтау басқармасы жанынан қоғамдық кеңес құрылып,  қаланың бас дәрігері болуға үміткер осы кеңестегі әңгімелесуден өтуі тиіс. Менің бұл ұсынысымды дәрігерлер қызу қолдады, – дейді Икрам Төлеев.

    Төраға осы ұсынысын қалалық әкімдікке, мәслихатқа және «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалына жолдапты.

  • Жуырда жіберген хаттарымызға қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимирхан Варзиловтан жауап келді. Хатта әр азаматтың  Қазақстанның кез келген аумағында басшы болуға құқылы екені жазылыпты. Мен мұны жоққа шығармаймын. Бірақ тағайындалатын басшының жергілікті жағдайды жақсы білгені өте маңызды. Біздің бастамамыз жершілдік емес, жанашырлық. Қалалық әкімдік осыны дұрыс түсінуі тиіс. Хатта басқарма жанынан қоғамдық кеңес құру бастамасының бұған дейін де болғанын, бірақ пандемияға байланысты тоқтап қалғаны жазылыпты. Менің ойымша, мұндай кеңес Шымкент үшін өте қажет. Кеңес құрамына бұрынғы бас дәрігерлер, денсаулық сақтау саласының ардагерлері енгізілгені жөн, – деді төраға.

      Ал осындай тың ұсыныстан кейін соңғы кездері тынымсыз тірлігімен танылып жүрген қала әкімі Мұрат Әйтенов қандай шешім қабылдар екен? Дәрігерлер арасындағы әңгімеге қарағанда, әкімдік  осы жолы жергілікті кадрға ставка жасап отырғанға ұқсайды. Қаланың бас дәрігері болуға лайықты кадр Шымкенттегі жекеменшік бір клиникада бас дәрігер болып істейтін көрінеді. Бұл әңгіменің шындыққа қаншалықты жанасатынын уақыт көрсетеді.

Тегтер: Без Тега
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз