Саясат

«Батька» Беларусьты Ресейге сатып кетуден тайынбайды

Путинге Лукашенконы қалай «сындыруға» болады? Оның әдісін ресейлік журналистер тапқан сыңайлы.

«Батька» Беларусьты Ресейге сатып кетуден тайынбайды

Олар күні кеше жақын күндері Ресей мен Беларусь президенттері кездеседі-мыс деген ақпарат таратты.

      Қос мемлекет басшыларының әкімшіліктеріндегі «білгіш дереккөздер»  кездесу кезінде Владимир Путин дипломатиялық самбо қолданып, Александр Лукашенконы Беларусьтың Ресеймен интеграциясын күрт жеделдетуге «сындырады» деп сенімді түрде хабарлап отыр. Алыпқашпа деректерге сенсек, «президенттің құжаттағы қолын» беретін «Батьканың» саусақтарын 30 жол картасы күтіп тұр, оның 28-імен Лукашенко келіскен сыңайлы. Ал екі құжатқа қол қоюдан бас тартыпты, онысы – ортақ мұнай және газ нарығы мен салық жүйесін құруға байланысты.

      Сосын, тағы бір, 31-ші құпия жол картасы жасалған деседі. Онда ұлттық органдардан жоғары тұратын органдар құру туралы айтылады екен. Тап осы құжатты «Батька» басында тіпті талқылағысы да келмей, ат-тонын алып қашқан дейді. Бірақ… Лукашенконың қазіргі жағдайы өте-мөте қиын, президенттік тақтан айырылғалы тұрған оған шынымен де шегінер жер қалмады.      Әнеки, қара басының қамы үшін «Батька» Беларусьты Ресейге сатып кетуден тайынбайды. Егерәки, ол Ресей мен Беларусьтың интеграциясы жөніндегі жол карталарына қол қойса, ол карталар одақтас мемлекеттің заңына айналып, орындалуы міндетті болады.      Лукашенконың Путинмен кездесуі алдағы екі аптаның ішінде өтуі тиіс. Ресей тарапы асықтырып жатқан сыңайлы, ал Лукашенко уақыт созып, әліптің артын бағуда. Енді Беларусь президентін кездесуге қарай «қамшылау» үшін тіркелмеген кандидат Виктор Бабариконың өкілі һәм өзі де ықпалды саяси фигураға айнала бастаған Мария Колесникова «Вместе» деген жаңа партия құру туралы бейнеүндеу таратты.

      Лукашенкоға енді барар жер, басар тау қалмады. Оған тек қана Путиннің қолтығына тығылғаннан басқа жол қалған жоқ.

Тегтер: Без Тега
Аян Дастан
Аян Дастан Аян Дастан

Оқыңыз