Саясат

Бауыржан Байбектің әкесіне қатысты компания 12 млрд теңгелік комбинатты іске қосты

Сәуір айының соңында Ақмола облысының Зеренді ауданында Qazaq Kaolin тау-кен байыту комбинатының (ГОК) жабдықтары техникалық іске қосылды. Компанияның ортақ иелері – Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбек пен оның серіктесі.

Байбек

«Ақмола облысы Зеренді ауданында «Qazaq Kaolin» ЖШС өндірістік алаңында жабдықтарды техникалық іске қосу рәсімі өтті. Кен байыту комбинаты Алексеев каолин кен орны негізінде жұмысын бастады», – делінген ресми хабарламада.

Компанияның бас директоры Марат Хасеновтың айтуынша, жоба байытылған каолин өндіруге бағытталған. Кәсіпорында негізгі технологиялық тораптардың жұмысы тексеріліп, алғашқы сынамалық өнім шығарылған. Нысанда германиялық AKW компаниясының мамандары іске қосу-баптау жұмыстарын және технологиялық сынақтарды жүргізіп жатыр.

«Фабриканың өндірістік қуаты жылына 230 мың тонна шикізатты өңдеп, 90 мың тоннаға дейін байытылған каолин шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба аясында қосымша өнім – төрт түрлі фракциядағы кварц құмын өндіру қарастырылған. Жабдықтар Германия, Қытай және Ресейден жеткізілген, ал металл конструкциялар Теміртау зауытында өндірілген. Құрылыс жұмыстарын Қарағандыдағы AsiArt компаниясы жүргізді. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 12 млрд теңгені құрайды», – деді Хасенов.

ГОК құрылысы 2025 жылдың тамызында басталған. Қазіргі таңда негізгі өндірістік нысандар салынған, технологиялық жабдықтар іске қосылып, өнімді сынамалық түрде шығару жүріп жатыр. Кәсіпорында 53 адам жұмыс істейді, толық қуатқа шыққанда қызметкерлер саны шамамен 90 адамға жетеді. Өндірісті толық іске қосу 2026 жылдың шілдесіне жоспарланған.

Іс-шараға Зеренді ауданының әкімі Әсет Құрманғожин, Ақмола облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері, сондай-ақ жергілікті ақсақалдар қатысты.

Зертханада әзірленген өнімнің алғашқы партиясы шетелдік тұтынушыларға керамика өндірісінде сынақтан өткізу үшін жіберілген.

Газбен жабдықтау мен Қытайдан жеткізілген жабдық толық қосылғаннан кейін фабрика сынақ режимінде іске қосылып, барлық өндірістік процестер реттелмек.

eGov деректеріне сәйкес, Qazaq Kaolin компаниясы екі қазақстандыққа тиесілі: Қыдырғали Байбек пен Бекзат Керімбай. Қыдырғали Байбек – Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі.

Айта кетейік, Бауыржан Байбек 2015-2019 жылдары Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған. Бұған дейін ол әкесі Қыдырғали Байбектің Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сыныптас болғанын айтқан.

Ал Бекзат Керімбай – Астанада тіркелген Aray Media Group корпоративтік қорының жетекшісі. Бұл компанияның жалғыз құрылтайшысы – Айгүл Байбек, яғни экс-әкімнің әпкесі.

ГОК-тың жалпы құны ресми түрде нақты айтылмағанымен, жергілікті әкімдік компания энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға 650 млн теңге инвестиция салғанын хабарлаған. Бұл трансформаторлық қосалқы станция қуатын үш есеге арттырып, маңайдағы елді мекендерді тұрақты электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз