Саясат

Бауыржан Байбектің әкесіне тиесілі компания ондаған мың тонна каолин өндіреді

Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбекке тиесілі Qazaq Kaolin компаниясы биыл жаңадан іске қосылған тау-кен байыту комбинатында 60 мың тонна байытылған каолин өндіруді жоспарлап отыр.

Байбек

 Каолин керамика бұйымдарын, табақша шыныны және өзге де өнеркәсіптік өнімдерді өндіруге пайдаланылатын негізгі шикізат саналады.

Жоба құжаттарына сәйкес, Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы компанияның жер қойнауын пайдалану келісімшартына өзгеріс енгізу жөнінде келіссөздерді бастауды ұсынған. Ұсынылған өзгерістер бойынша каолин өндіру көлемі:

2026 жылы – 60 мың тонна;

2027 жылы – 200 мың тонна;

2028 жылдан бастап жыл сайын – 300 мың тонна болады.

Компанияның бас директоры Марат Хасенов сәуір айында комбинаттың өндірістік қуаты жылына 230 мың тонна кенді өңдеуге және 90 мың тоннаға дейін байытылған каолин шығаруға жететінін мәлімдеген.

Кәсіпорындағы жабдықтарды техникалық іске қосу 2026 жылғы 23 сәуірде, ал ресми ашылуы 4 шілдеде өтті.

Алексеевское алғашқы каолин кен орны Ақмола облысы Зеренді ауданында, Көкшетаудан солтүстік-батысқа қарай 22 шақырым жерде орналасқан. Ол әлемдегі ірі каолин кен орындарының бірі саналады.

Кеніштің аумағы 2,05 шаршы шақырымды құрайды. Тау-кен байыту комбинаты 2026–2032 жылдары жұмыс істейді. Өндіру көлемі 2026 жылы 30 мың текше метр, 2027 жылы 100 мың текше метр, ал 2028–2032 жылдары жыл сайын 150 мың текше метр болады деп жоспарланған. Кен өндіру келісімшарты 2039 жылға дейін жарамды.

Комбинатты қайта іске қосуға 12 млрд теңге инвестиция салынған. Мұнда Германия, Қытай және Ресейден әкелінген жабдықтар орнатылған. Кәсіпорын байытылған каолиннен бөлек, төрт түрлі фракциядағы кварц құмын да өндіреді.

Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, жоба аясында 90 жаңа жұмыс орны ашылып, орташа жалақы 650 мың теңге болады.

eGov деректеріне сәйкес, Qazaq Kaolin компаниясының құрылтайшылары – Қыдырғали Байбек пен Бекзат Керімбай. Қыдырғали Байбек – Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі. Ал Бауыржан Байбек компанияның директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.

Бауыржан Байбек 2015–2019 жылдары Алматы қаласының әкімі болды. Бұған дейін ол әкесі Қыдырғали Байбектің Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен мектепте бірге оқығанын айтқан.

Компанияның екінші құрылтайшысы Бекзат Керімбай Астанада тіркелген Aray Media Group корпоративтік қорының жетекшісі. Бұл ұйымның жалғыз құрылтайшысы – Бауыржан Байбектің әпкесі Айгүл Байбек.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз