Бауыржан Байбектің әкесіне тиесілі компанияға қатысты үш әкімшілік іс тоқтатылды
Зеренді ауданының прокуратурасы Алексеев каолин кен орны базасында тау-кен байыту комбинатын салу жобасын жүзеге асырып жатқан «Qazaq Kaolin» ЖШС инвесторының құқығын қорғады.
Инвестициялық жобаның жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайды. Жоба жұмыс орындарын ашуға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Жүргізілген талдау барысында уәкілетті мемлекеттік органның инвесторға қатысты көші-қон заңнамасының сақталуы мәселесі бойынша прокуратураның міндетті келісімін алмай және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркемей тексеру жүргізгені анықталды.
«Прокурорлық сүзгі» тетігіне сәйкес инвесторларға қатысты тексерулер тағайындау, әкімшілік іс жүргізуді қозғау, рұқсат беру-шектеу шараларын қолдану және сотқа талап қою туралы мемлекеттік органдардың барлық шешімдері прокуратура органдарымен міндетті түрде келісілуге тиіс. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша аталған тексеру заңсыз деп танылып, үш әкімшілік іс жүргізу тоқтатылды. Қазіргі уақытта кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту мәселесі қаралуда.
Естеріңізге сала кетейіа, Qazaq Kaolin компаниясының құрылтайшылары – Қыдырғали Байбек пен оның серіктесі Бекзат Керімбай. Қыдырғали Байбек – Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі. Ал Бауыржан Байбек қазіргі уақытта Qazaq Kaolin компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.