Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:45, 27 Қараша 2024

Ақ үй Украинаға $24 млрд қаражат бөле ме?

1
Фото: из открытых источников

АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Украинаға қару-жарақ тасымалдауды қаржыландыру үшін және қорғаныс министрлігінің қоймаларын толтыру үшін Конгрестен қосымша 24 млрд доллар қаражат сұрады. Бұл жөнінде Politico басылымы жазды.

Ақ үйдің бюджет басқармасы бұл сұранысты желтоқсанда Конгресс мақұлдауы керек үкіметтің қосымша шығыны туралы тізімге енгізбек.

Конгресс аппаратының екі қызметкері мұндай өтініш дүйсенбі күні жолданғанын растап, алайда әзірге талқыланбағанын және ресми түрде жарияланбағанын да айтқан. Байден және әкімшілік өкілдері бұған дейін Украинаға қосымша қаражат бөлу жөнінде сұрау салатынын айтпаған. Алайда қазіргі әкімшілік өкілдері Дональд Трамптың 20 қаңтар күнгі инаугурациясына дейін Украинаның позициясын нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысатынын мәлімдеген. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен жуырда Украина 2025 жылы әскери қимылды жалғастырып немесе келіссөз жүргізетіндей "күшті болуы үшін" АҚШ Киевті тиісінше керекті заттармен қамтамасыз етеді деген.

Трамп сайлауда жеңгеннен кейін Байден әкімшілігі, ақпарат құралдарының жазуынша, бұған дейін Конгресс мақұлдаған бастамалар аясында Украинаға қару-жарақ жеткізуді жеделдете бастаған. Украинаға алысқа ұшатын АTACMS ракеталарымен Ресей аумағына соққы жасауға рұқсат берген. Одан бөлек, жаяу әскерді жоятын миналарды беруді мақұлдап, Ресейге қарсы жаңа санкция салды.

Politico жазуынша, сұралған қаражаттың үштен екісі яғни, 16 млрд доллар бұрын Украинаға жеткізілген қару-жарақтың орнын толтыруға бағытталған. Тағы 8 млрд доллар Украина қауіпсіздігіне атсалысу бастамасы аясында қару-жарақ компанияларымен келісімшарт жасасу үшін жұмсалмақ.

Politico-ның жазуынша, Конгрестің Байден әкімшілігінің ұсыныстарын қабылдай қоюы екіталай. Өкілдер палатасын бұған дейін Украинаға 60 млрд доллар әскери көмек беруді қарастырған заң жобасын қабылдаудан бірнеше ай бойы бас тартып келген республикашылдар бақылауда ұстап отыр.

Тегтер: