Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:03, 07 Қыркүйек 2024

Джо Байденнің ұлы салық төлемегені үшін 17 жылға сотталуы мүмкін

а
Фото: Visar Kryeziu/AP

АҚШ-тың 46-шы президенті Джо Байденнің ұлы, 54 жастағы Хантер Байден салық төлеуден жалтарып, жалған салық декларациясын тапсырғаны үшін кінәсін мойындады, деп хабарлайды NBC News.

5 қыркүйекте Лос-Анджелестегі сот отырысында сөйлеген кіші Байден салық төлеуден жалтарған тоғыз факті бойынша да кінәсін мойындады. Бұл қазылар алқасын таңдау басталғанға дейін болды. Сот үкімді 16 желтоқсанға белгіледі.

Байденнің адвокаты Аббе Лоуэлл өз шешімімен «Хантер отбасын бірінші орынға қойды» деді. Адвокат кінәсін мойындау Байденге «көрсетілген» сот талқылауын болдырмауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Хантер Байден журналистермен сөйлеспеді, бірақ ол прокурорларды «әділеттілікке емес, есірткіге тәуелді болған кездегі әрекеттерім үшін адамдық қадір-қасиетімді қорламақ болды» деп айыптаған мәлімдеме жасады. «Мен өз отбасымды азапқа салып, жеке өмірге қол сұғуға жол бермеймін және ұятқа қалдырмаймын», - деді ол.

Ал, АҚШ Әділет министрлігі баспасөз мәлімдемесінде «Хантер Байден ең көп дегенде 17 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін» деп мәлімдеді.

Прокурорлар Хантер Байденге 2023 жылдың желтоқсанында айып тақты. Айыптау қорытындысында оның 2016-2019 жылдары есептелген кемінде 1,4 миллион доллар салық төлемегені, сонымен қатар 2018 жылы салық төлеуден жалтарып, жалған декларация тапсырғаны айтылады.

Сонымен қатар, айыптау қорытындысында бұл ақша «есірткіге, жолсеріктерге және қыз-келіншектерге, люкс қонақүйлер мен жылжымайтын мүлікті жалға алуға, экзотикалық көліктерге, киім-кешектерге және жеке сипаттағы басқа заттарға, жалпы салықтан басқаның бәріне» жұмсалғаны айтылған.

Байден бұл есірткіге тәуелділікпен күресіп жатқан кезеңде болғанын айтты. Ол кейін салықтарын төлеген.

Одан бөлек, Федералды қазылар алқасы Хантер Байденді 2024 жылы 11 маусымда есірткі қолдану кезінде қаруды заңсыз иемденді және сақтады деп айыптады. Кіші Байден ол үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылып, 750 мың долларға дейін айыппұл төлеуі мүмкін.

Сот алқабилер үкімі шыққаннан кейін 120 күн ішінде, яғни Джо Байден 2025 жылдың қаңтарында президенттік қызметінен кеткенге дейін үкімді шығаруға ниетті.