Саясат

BBC логотипімен Зеленскийге қатысты жалған видео тарады

Интернетте француз суретшісі Поль Сезаннның ұрланған «Шиелері бар натюрморт» картинасы Украина президенті Владимир Зеленский кабинетінде ілулі тұр деген мазмұнда жалған репортаж тарады.

Зеленский

 Видеода BBC News логотипі қолданылғанымен, медиакорпорацияның ресми сайтында мұндай сюжет жарияланбаған. BBC өкілдері бұл видеоны жалған деп мәлімдеді.

France 24 және Euronews 24 сәуір күні осы материалға қатысты өз тексерулерінің нәтижесін жариялады. Олардың мәліметінше, жалған ақпаратты таратқан аккаунттар Зеленский картинаны мафиядан алған деп көрсеткен. Бірнеше сағат ішінде ролик тек X әлеуметтік желісіндегі бір ғана аккаунтта 400 мыңнан астам қаралым жинаған.

Шын мәнінде, Владимир Зеленский кабинетінің қабырғасында украиналық суретші Андрей Чеботару шығармалары ілулі.

France 24 мәліметінше, беделді БАҚ өнімі ретінде көрсетілген жалған материалдарды тарату – Ресейдің әскери барлауымен байланысты деп саналатын «Шторм-1516» дезинформация желісінің кең тараған әдістерінің бірі. Бұл туралы аталған желіні бақылап отырған Gnida Project ұйымы хабарлаған.

Сондай-ақ бұл желі соңғы үш жыл ішінде Франция мен Батыс елдеріне қарсы бағытталған бірқатар дезинформациялық операцияларға қатысы бар деген болжам бар. Бұл жөнінде Францияның шетелдік араласуға қарсы күресетін мемлекеттік органы – Viginum есебінде де айтылған.

Бұдан бөлек, «Шторм-1516» желісін АҚШ Қаржы министрлігі Ресейдің әскери барлау қызметі – ГРУ және Мәскеудегі «Геосаяси сараптама орталығымен» байланыстырған.

Ал Euronews бұл жарияланымды Кремльге жақын дезинформация желісі – «Матрёшкамен» байланыстырады.

Тегтер: Зеленский
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз