Бексұлтан Нұржекеұлы: "Мағауин "Аласапыранның" дүниеге келуіне қатты қуанған еді"
Халық жазушысы, ғалым Мұхтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Замандасы Бексұлтан Нұржекеұлы жазушы туралы өз естелігімен бөлісті.
Мұхтар – жазушылар ішінде елеулілерінің бірі. Оның атағын да, даңқын да шығарған «Аласапыран» романын жазған кезде мен «Жалын» баспасының бас редакторы болатынмын. Оны баспадан тоқтатпай шығардық. Өзі де риза болды. Өзінің үйіне бірге оқыған досы Әбішпен бірге шақырып, қонақ қылды. Сонда Әбішке айтқаны осы күнге дейін есімде: «Әй, Әбіш, мен осы жолы сенен оздым» -деді. Әбіш те: «Иә, иә, оздың, оза бер, оза бер» - деп кеңшілігін көрсетіп күлген еді. Ол «Аласапыранның» дүниеге келуіне қатты қуанды. Және халық та бұл романды жылы қабылдады. Ол баспаға да, Мұхтардың өзіне де абырой болды.
Жалпы, Мұхтардың тіктеу мінезі болды. Біз оны бәріміз біліп жүрдік. Өнердегі адамда мінез болмаса, өзінің өмірлік мақсатын орындай бермейді. Мінез керек. Мінезсіз адамды ешкім сыйламайды да. Жасық деп есептейді. Ал, Мұхтардың мінезі бар еді.
Екеуміздің Шыңғыс хан жайындағы пікіріміз үндес келді. 4 томдық кітабында Шыңғыс ханның түркі екенін толық дәлелдеді. Мұның бәрі біздің халқымыздың, еліміздің тарихы үшін үлкен қызмет. Осындай дүниелерді Мағауин өзінің мақсатын қорғай білетін-тұғын жігіт еді.
Мен оның қазасын естімеген едім. Есенгіреп отырмын. Замандасыңның қасыңда жүргені өміріңді сәнді-мәнді қылады. Мұхтар Мағауиннің өмірден өтуі – әдебиет үшін де, өнер үшін де, замандастары үшін де үлкен қайғы. Бірақ амал жоқ. Келі бар да, кету бар. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болды. Оны халқы ұмытпайды.