Бектенов Toyota Alphard-пен заңсыз жолаушы тасымалдауды тоқтатуды талап етті
Қазақстанда рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр.
22 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Toyota Alphard минивэндерімен қалааралық жолаушы тасымалдау мәселесіне жеке тоқталды.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жолаушылар қауіпсіздігін күшейту аясында тиісті өзгерістер әзірленіп жатқанын айтты. Сондай-ақ жолаушы тасымалымен айналысатын агрегаторлардың жауапкершілігін арттыру ұсынылған.
Қазірдің өзінде рөлі оң жақта орналасқан көліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салынған.
inDrive Kazakhstan бас директоры Арай Бекембаевтың айтуынша, сервис оң рөлді көлік жүргізушілерінің 70 мыңнан астам аккаунтын жолаушы тасымалдау тапсырыстарынан ажыратқан.
Алайда бұдан кейін рөлді оң жақтан сол жаққа заңсыз ауыстыру мәселесі туындаған. Компания мұндай көліктерді VIN-код арқылы анықтап, бұғаттап жатқанын мәлімдеді.
Бектенов қалааралық тасжолдарда Toyota Alphard минивэндерінің қатысуымен болған адам шығыны көп жол апаттарын еске салды.
«Мұны бақылап, мұндай жағдайлардың жолын кесу керек. Өйткені қалааралық жолдарда дәл осы минивэндердің қатысуымен адам шығыны көп жол апаттары болды», – деді премьер-министр.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов бұл мәселе тұрақты бақылауда екенін айтты. Полиция Көлік министрлігі және компаниялармен бірлесіп рейдтер өткізіп, заң бұзушыларды жауапқа тартып жатыр.
inDrive мәліметінше, сервис жүргізуші мен көлікті фототексеру арқылы сәйкестендіреді. Сондай-ақ 2ГИС-пен интеграция арқылы жылдамдық пен жүргізушінің рөлде ұзақ отыруы бақыланады. Компания қабылданған шаралардан кейін жылдамдықты асыру жағдайлары 42 пайызға азайғанын мәлімдеді.