Белгілі ақын Жанна Елеусіз дүниеден өтті
Ақын Жанна Елеусіз 56 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды ақынның қызы әлеуметтік желіде жариялады.
Ақынның қызы Threads әлеуметтік желісінде анасының 2026 жылғы 12 қазанда қайтыс болғанын мәлімдеп, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағына үндеу жолдаған.
"Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері! Мен Жанна Елеусіздің қызымын. Анамның дүниеден өтуіне байланысты осы хабарламаны жеткізіп отырмын. Барша өлеңсүйер қауымға, анамның шығармашылық жолымен таныс жамағатқа қаралы хабарды жеткізгім келеді. Анам бүгін, 12 қазанда дүниеден озды. Біз үшін орны толмас қайғы", – деп жазды ақынның қызы.
Ол сондай-ақ Ақтөбе мен Астана қалаларындағы Жазушылар одағының өкілдеріне қаралы хабарды жеткізуді сұраған.
Жанна Елеусіз 1970 жылы 22 қарашада Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1992 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын "Шалқар" аудандық газетінде тілші болып бастаған.
1995 жылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасында жүлделі орын иеленген.
2004 жылы Ақтөбеде ақынның "Мен сүйетін дүние" атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Оның шығармалары 2006 жылы басылған "Жәдігер" әдеби антологиясына және Әлия Молдағұлованың 80 жылдығына арналған "Гүл-ғұмыр" жинағына енген.
Жанна Елеусіздің өлеңдерінде адам жанының нәзік иірімдері, жалғыздық, махаббат, өмір мен адам тағдыры тақырыптары кеңінен көрініс тапқан.
Ақынның қайтыс болу себебі әзірге хабарланған жоқ.