Қазақстан Сауд Арабиясына жасалған хуситтердің шабуылын қатаң айыптады
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясының азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдарға байланысты мәлімдеме жасады.
Ведомство адам өліміне әкелген әрекеттерді қатаң айыптады.
Министрліктің хабарлауынша, мұндай шабуылдар гуманитарлық тұрғыдан жол беруге болмайтын әрекет саналады әрі халықаралық құқық нормаларын бұзады.
Қазақстан тарапы бұл оқиғалар Йемендегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігерге кедергі келтіріп, қақтығысты саяси жолмен реттеу мүмкіндігін әлсірететінін атап өтті. Осыған байланысты Астана шабуылдарды дереу тоқтатып, дағдарысты тек саяси-дипломатиялық тәсілдер арқылы шешуге шақырды.
Сонымен қатар Қазақстан Сауд Арабиясымен ынтымақтастығын білдіріп, БҰҰ Жарғысына сәйкес корольдіктің егемендігі мен қауіпсіздігін қорғау құқығын қолдайтынын растады.