Белсенді Мұратбай Жұмағалиев екі айға қамауға алынды
Ақтау қаласының тергеу соты қоғамдық белсенді Мұратбай Жұмағалиевті екі ай мерзімге қамауға алу туралы санкция берді. Бұл туралы оның адвокаты Айгүл Айжарықова хабарлады.
Қорғаушының айтуынша, сот шешімі 5 маусым күні шығарылған. Ол тергеу барысында күдіктіге тағылған айыптың бір тәулік ішінде үш рет өзгертілгенін мәлімдеді.
Адвокаттың сөзінше, бастапқыда қорғау тарапы Жұмағалиевті үйқамаққа жіберуді сұраған. Алайда сот отырысына дейін шамамен екі сағат бұрын айыптың саралануы өзгертіліп, Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша ауырлау айып тағылған. Бұл бап бойынша үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қарастырылмағандықтан, өтініш қанағаттандырылмаған.
Еске салайық, Мұратбай Жұмағалиев 3 маусым күні Ақтауда ұсталған болатын. Полиция оны есірткіге қатысты құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұстағанын хабарлады.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода белсенді ұсталу кезінде тағылған айыппен келіспейтінін айтып, «Қалтама салып жіберді, бұл – арандату» деп мәлімдеген.
Жұмағалиевтің туыстары мен жақтастары оның ұсталуын қоғамдық белсенділігімен байланыстырады. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.