Сараптама

Бес айдан бергі сарсаң: Жас ананың денсаулығы үшін кім жауап береді?

Бала сүю – әйел өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі. Айы-күні жеткен ана сәбиін құшағына алып, отбасына аман оралуға асығады.

1

Алайда кейде мұның соңы күтпеген қасіретке әкеледі екен. Біз бұған дейін ("Жатыры алынып, қуығы тесілген ана кімнен араша сұрарын білмей дал", "Жас Алаш", № 74, 17 қыркүйек, 2026) Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғыны, үшінші нәрестесін босануға Ана мен бала орталығына барған 30 жастағы келіншектің қиын жағдайға тап болғаны туралы егжей-тегжейлі жазған едік.

Мәселенің мән-жайын қысқаша баяндасақ, жәбірленуші келіншек сәуір айында жүктіліктің 38-аптасында Қызылордадағы Ана мен бала орталығына жоспарлы түрде жатқызылған. Қағанақ суының ерте кетуіне байланысты дәрігерлер жасанды толғақтың дәрісін егеді, артынан кесер тілігі отасын жасайды. Сөйтіп, қызбала аман-есен дүниеге келгенімен, осыдан соң анасының денсаулығы күрт нашарлайды. Сіңлісінің қазіргі жағдайына алаңдап жүрген Ботагөз Бақбергенованың айтуынша, отадан кейін дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, түспей қойған. "Екі бүктетіліп, қалшылдап жатса да, тек спиртпен ғана сылап-сипаумен шектелді. Ал ертесі денесі ісіп кеткен соң шұғыл жатырын алып тастау керектігін айтты. Ол ол ма, осы ота кезінде сіңлімнің қуығын да зақымдап алған. Үйге шыққаннан кейін кіші дәреті дұрыс шықпай қиналған соң уролог маманның тексеруі арқылы қуықта бірнеше тесіктің барын білдік. Бес айдан бері осы жарақатпен жүр, ересектерге арналған жөргек киюге мәжбүр. Бізді ең қатты алаңдататыны – "Мұндай жағдайдың алдын алуға болар ма еді?" деген сұрақ. Егер алғашқы күндері дене қызуының себебіне дер кезінде мән берілсе, жағдай мұндай ауыр деңгейге жетпес еді деп есептейміз", – дейді шырылдаған жәбірленуші тараптың өкілі.

Біз бұл мәселе бойынша Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасына да, Ана мен бала орталығына да, тіпті осы салаға жауапты Денсаулық сақтау министрлігіне де хабарласып, тұшымды жауап ала алмадық.  Министрліктің кейінгі жеткен түсініктемесінде: "Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде ақпарат тараған Қызылорда облысының тұрғынына қатысты жағдайды бақылауға алды. Қазіргі таңда пациентке алдағы уақытта қажетті медициналық көмек көрсетуді және тиісті бақылауды ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Министрлік үшін қазіргі кезеңдегі басты міндет – әйелге қажетті медициналық көмекті толық қамтамасыз етіп, емдеу шараларының үздіксіздігін сақтау. Сонымен қатар бұған дейін көрсетілген медициналық көмектің сапасына қатысты мәселе заңнамада белгіленген тәртіппен қаралуы мүмкін. Ол үшін тәуелсіз бейінді сарапшылар тартылуы ықтимал", – делінген. Алайда үш баланың анасының денсаулығы оңалмағаны былай тұрсын, медициналық қағазбастылыққа қатысты кедергіге тап болған.

Бес ай ішінде талай дәрігердің есігін қаққан келіншектің туыстары соңғы үмітін арқалап Алматыдағы Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығына да келді. Себебі қуықтағы тесік үлкен көлемде болған соң жергілікті мамандар күрделі отаны жасаудан бас тартқан. Ең өкініштісі, сонау алыстан портал арқылы келгенмен, құжат жағынан шикілік шыққан. "Алматыда бір апта босқа жаттық. Неге десеңіз, Ана мен бала орталығы тарапынан қажетті медициналық талдаулар мен зерттеу нәтижелері толық дайындалмаған. Онсыз ота жасалмайды екен. Бұл қағаз тек ауруханадан шығатын күні ғана келді. Бұл – ем іздеп жүрген отбасы үшін уақыт пен қаражатты ғана емес, жүйке жүйесіне де салмақ түсіретін жағдай. Орталық толық тексеріп, екі айға дәрі-дәрмекпен ем қабылдау ұсынылды. Министрлік хабардар болған және "қадағалауға аламыз" деп сендірген мәселеге бейжай қараған дәрігерлердің бұл әрекетін қалай бағалауға болады? Бірақ қуықта суық қабынуы бар деген шешіммен, әзірге ота жасауға тәуекел етуге болмайтынын ескертті?", – дейді жәбірленуші тараптың өкілі.

"Одан бөлек біздің келіп-кетуімізге 700-800 мың теңге шығын кетті. Сіңлімді осындай халге жеткізген Ана мен бала орталығы жауапкершілікті мойнына алмай отыр. Егер екі айдан кейін  Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы ота жасаудан бас тартса, ақылысына баруға тура келеді. Жеке клиниканың өзі мұндай күрделі отаның шамамен 3 млн теңгеге жуықтайтынын тілге тиек етті. Ендігі мәселе – сіңлімді мүгедектікке шығару жағын қарастыру. Ол қашанғы жөргекпен жүреді? Жауапты орталық шығынды өтеп, мүгедектікке шығаруға көмектессін. Тым болмаса,  жөргек пен жағатын жақпамайын тегін алады екен. Біз бұған дейін ешбір көмек көрген жоқпыз", – деді Б.Бақбергенова.  

Жас ананың өзі бұл жағдайдың тек денсаулығына ғана емес, психологиялық күйіне де ауыр соққы болғанын айтады. Бірақ қазір балаларын бұрынғыдай күтіп-бағуға шамасы жетпейді. Сәбиін көтере алмайды, қонаққа бара алмайды, күнделікті тіршіліктің қарапайым әрекеттерінің өзі қиындық туғызады. "Қалыпты өміріме оралғым келеді. Адамдардан көмекке мұқтаж болған өте жаман екен. Жай ғана іш киім киіп жүру мен үшін арман болып кетті. Ауыр көтеруге, моншаға түсуге болмайды дейді. Сонда бұл не өмір деп ойлаймын. Қызымды көтеріп ұстай да алмаймын. Осы жағдайдан әбден жүйкем тозды", – дейді жәбірленуші.

Айтпақшы, сіңлісінің денсаулығына алаңдап, шындық іздеп шырылдап жүрген Ботагөз Бақбергенова осы мәселеге қатысты Қызылорда облыстық прокуратурасы мен ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне арыз түсіргенін де мәлімдеді. "Себебі ол дәрігерлер әлі де өз қызметін жалғастырып жүр. Мәселенің ақ-қарасын жіті зерттеуді талап етемін. Өйткені егер медициналық көмектің алгоритмі сақталса, барлық қажетті тексеру уақытында жүргізілсе, операциядан кейінгі бақылау талапқа сай болса, онда мұндай жағдайдың қай кезеңде пайда болғанын медициналық сараптама көрсетуі тиіс. Ал егер қателік немесе салғырттық анықталса, оған құқықтық баға берілуі керек. Біздің наразылық осыдан туындап отыр. Бұл оқиғаны әлеуметтік желіге жазып, ақпарат құралдарына жарияланған соң шамамен 1,5 млн теңге көлемінде "көмек" көрсету туралы ұсыныс жасалған. Біз мұнымен келіспедік. Себебі мәселе ақшамен шектелмеуі керек" деген отбасы жәбірленушінің денсаулығын қалпына келтірумен қатар, оқиғаға жауапты тұлғалар анықталуы керек деп есептейді.

Бір қызығы, бұдан кейін Ана мен бала орталығының бас дәрігері Б.Бақбергенованың үстінен "әлеуметтік желіде орталықтың қызметтік беделіне нұқсан келтірді. Ананың қуық тесілу жағдайы бізде болған жоқ" деп кері арыз түсірсе, ал ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тілшілердің жіберген ресми хатына: "Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, арыз бойынша қазіргі таңда жоспардан тыс тексеру жұмысын тағайындауға негіз жоқ. Ведомство бұл шағымды өз құзыреті шеңберінде қарап, тиісті шешім қабылдау үшін оқиға болған мекеменің өзіне, яғни облыстық перинаталды орталыққа бағыттады" деп жауап берген. Демек, екі тараптың ұстанымы да қарама-қайшы.

Бес ай бойы жөргекпен жүрген жас ана үшін бүгін ең маңыздысы – кімнің кінәлі екенін есту ғана емес, ертең қайтадан баласын өз қолына алып, қалыпты өмірге оралу. Ал оған сол мүмкіндік беріле ме, енді бұл мәселе тек отбасының емес, денсаулық сақтау жүйесінің жауапкершілігінде.

Динара Мыңжасарқызы 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз