Қоғам

Биыл еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінде қандай реформалар жүзеге асады?

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба бекітілген болатын.

агроөнеркәсіп кешені

Алайда, 2023 жылғы 22 қыркүйекте бұл жоба күшін жойды. Оның орнына, 2021-2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдама енгізілді. Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мақсатында 2025 жылға қарай бірнеше маңызды реформалар жоспарланған.

Ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесінің жаңғыруы

2025 жылдан бастап Қазақстанда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен өңдеушілеріне арналған жаңа субсидиялау жүйесі енгізілмек. Бұл жүйенің басты мақсаты – мемлекеттік қолдаудың барлық фермерлер үшін теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету және жемқорлық қауіптерін азайту.

Жаңа ереже бойынша, субсидия алу үшін өндірушілер әр жыл сайын өздерінің өндірген өнім көлемін арнайы жүйеге енгізіп, оны өткен жылғы көрсеткішпен салыстырып отыруы тиіс. Егер өндіріс көлемі екі жыл қатарынан азайса, бұл өндірушілер үшін субсидия алу мүмкіндігі уақытша тоқтатылады.

Су тасқынын болжау жүйесі енгізілмек

2024 жылғы жаппай су тасқындарынан кейін Қазақстанда су тасқынын болжау және су қоймаларының толу деңгейін анықтау үшін жаңа flood.gharysh.kz жүйесі әзірлене бастады. Бұл жүйе ғарыштық және метеорологиялық деректерді пайдаланып, ықтимал су басу аймақтарын картаға түсіріп, су тасқыны қаупін алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, hydro.gov.kz геоақпараттық платформасы іске қосылып, еліміздің су ресурстарын басқару және мониторинг жүргізу үшін маңызды құралға айналмақ.

Балық шаруашылығын субсидиялау жүйесі

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда балық өнімдерін өңдеуге арналған жаңа субсидиялау ережелері күшіне енеді. Қазіргі уақытта балық өңдеу кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау көрсетілмегендіктен, олар өнімдерін терең өңдеуге қызығушылық танытпай отыр. Осыған орай, балық өңдеу зауыттарына шикізатты сатып алу шығындарын субсидиялау ұсынылып отыр. Бұл қадам Қазақстандық балық шаруашылығының дамуына, экспорттың артуына және импорттық тәуелділіктің төмендеуіне оң әсер етеді.

Ауыл шаруашылығы саласын толықтай есепке алу

2025 жылдан бастап Қазақстанда ауыл шаруашылығындағы кәсіпорындарды, фермерлік шаруашылықтарды, жеке қосалқы шаруашылықтарды, бау-бақша және саяжай кооперативтерін толық есепке алу мақсатында ауыл шаруашылығы санақтары жүргізіледі. Бұл бастама аграрлық сектордың нақты жағдайын бағалауға және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Мал саудасына арналған биржа ашылуы мүмкін

2024 жылдың қараша айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда мал саудасына арналған алғашқы биржа ашу қажеттігін мәлімдеді. Бұл платформа мал шаруашылығындағы делдалдар санын азайтып, фермерлер мен сатып алушылар арасындағы сауданы жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, мемлекет агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру жұмыстарын жалғастыруда. Президент Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңделген ауыл шаруашылық өнімдерінің үлесін 70%-ға дейін жеткізу жоспары қолға алынған. Осы мақсатта алдағы жылдары 116 жаңа сүт фермасы, 29 құс фабрикасы, 11 жұмыртқа өндіретін фабрика және мал бордақылау кешендері салынбақ.

Қазақстан агроөнеркәсіп саласында жүйелі реформалар жүргізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, мал шаруашылығы және балық өндірісін дамыту бойынша маңызды қадамдар жасауда. Бұл реформалар саланың тұрақты дамуына, азық-түлік қауіпсіздігінің нығаюына және елдің экспорттық әлеуетінің артуына ықпал етпек.

Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз