Жасөспірімдер құқықбұзушылығы: себебі неде, салдары қандай?
Қазіргі жаһандану дәуірінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық мәселесі бүкіл әлем елдерін алаңдатып отыр. Жастар елдің болашағы десек, күллі адамзаттың түйткілді мәселесіне айналған құбылыстың арты жақсы болмасы анық.
Мұндай келеңсіздіктің әуелі салдарынан бұрын себебін анықтамақ керек. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, жасөспірімдер жасаған құқықбұзушылықтардың басым бөлігі әлеуметтік теңсіздік, отбасындағы бақылаудың әлсіреуі және цифрлық кеңістіктің ықпалы сияқты факторлармен тікелей байланысты. Мәселен, дамыған елдердің өзінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың шамамен 20-30 пайызы мектеп ішіндегі буллингтен, ал 15-20 пайызы әлеуметтік оқшауланудан туындайтыны анықталған. Бұл көрсеткіштер мәселенің терең әлеуметтік-психологиялық сипатқа ие екенін аңғартса керек. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқықтарын қорғау бағытындағы мемлекеттік саясаттың өзектілігі бұрынғыдан да арта түскен сияқты. Әсіресе халық саны тығыз орналасқан, демографиялық өсімі жоғары өңірлер үшін жүйелі саясат қашан да керек.
Жақында Түркістан облысында кәмелетке толмаған балалар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары және өзге де өзекті мәселелер талқыланған арнайы штаб отырысы өтті. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, әлеуметтік тәуекелдерді азайту және жүйелі профилактикалық жұмыстарды күшейту мақсатында ұйымдастырылған бұл жиын өңірдегі ахуалды жан-жақты саралауға бағытталды. Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізіп, жауапты сала өкілдерінің есептері тыңдалды. Жиын барысында атқарылған жұмыстар ғана емес, олардың тиімділігі, әлсіз тұстары және алдағы бағыттары да кеңінен талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде балалардың құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың формалды сипатта қалмауы тиіс екенін нақты жеткізді.
Баланың қауіпсіздігі мен тәрбиесі – тек білім беру жүйесінің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың, соның ішінде ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері мен дін қызметкерлерінің бірлескен жұмысы да ерекше маңызға ие. Мұндай көпқабатты әлеуметтік серіктестік моделі әлемдік тәжірибеде де өзін тиімді құрал ретінде дәлелдеген. Мысалы, Скандинавия елдерінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін мектеп, отбасы және жергілікті қауымдастық арасындағы тығыз байланыс жүйесі қалыптасқан. Нәтижесінде, бұл елдерде жасөспірімдер қылмысы ең төмен деңгейге түскен.
Түркістан облысындағы жағдайға келсек, өңірде бүгінгі таңда мыңнан астам мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Мұндай халқы көп өңір үлкен әлеуметтік кеңістік, сонымен қатар жауапкершілігі де зор орта. Оқушылардың психологиялық жағдайын бақылау және қолдау мақсатында 1 353 педагог-психолог жұмыс істейді. Дегенмен сандық көрсеткіштердің өзі мәселенің толық шешілгенін білдірмейді. Керісінше, осындай ауқымды жүйеде профилактикалық жұмыстардың сапасы мен үйлесімділігі шешуші рөл атқарады.
Осы ретте жиында «тәуекел тобына» жататын балалармен жұмысты күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Әлеуметтік тұрғыдан осал, отбасылық бақылауы әлсіз немесе психологиялық қысымға ұшыраған жасөспірімдер көбіне құқықбұзушылыққа бейім келеді. Сондықтан олармен жүргізілетін жеке профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру – басты міндеттердің бірі. Бұл бағытта тек жазалау немесе шектеу шараларынан гөрі, керісінше, қолдау, бағыт-бағдар беру, әлеуметтік бейімдеу механизмдері әлдеқайда маңызды. Байқасақ, соңғы жылдары әлем елдері бұл мәселені шешуде цифрлық технологиялардың мүмкіндігін белсенді пайдалануда. Түркістан облысында да мектептерде буллинг пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында цифрлық шешімдерді енгізу қолға алынған. Бұл уақыт талабына сай қадам, себебі қазіргі жасөспірімнің өмірі офлайн кеңістікпен ғана шектелмейді, оның үлкен бөлігі цифрлық ортада өтеді. Сондықтан қауіп-қатердің де жаңа формалары пайда болып жатқаны тағы бар. Кибербуллинг, әлеуметтік желілердегі қысым, жалған ақпараттың таралуы – бұлардың барлығы жасөспірім психологиясына тікелей әсер ететін факторлар. Жиын қорытындысында берілген тапсырмалар да осы күрделі мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған. Аудан және қала деңгейінде комиссия отырыстарын тұрақты өткізу, арнайы жұмыс топтарын құру, мониторинг жүргізу және нақты ұсыныстар әзірлеу сынды әкімшілік шаралар жүзеге аспақ.
Осындай жиындар арқылы түрлі сала өкілдері бір алаңда тоғысып, ортақ шешімдер қабылдайды. Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі мен болашағына қатысты жауапкершіліктің бүкіл қоғамға ортақ міндет екенін ұғынамыз.
С.Бақберген
Түркістан облысы