Бір ай ішінде үшінші дрон Мәскеу-Ситиге соғылды
Ресей шенеуніктерінің мәліметінше, жұма күні таңертең Мәскеуде украин дроны атып түсірілген.
Құрылғы Кремльден бірнеше шақырым жерде орналасқан «Мәскеу-Ситидегі» ғимараттардың біріне соғылды, жақын маңдағы тұрғындар қатты жарылыс дыбысын естіді.
Алдын ала мәлімет бойынша, зқаза тапқандар мен зардап шеккендер тіркелмеген.
Бұл кейінгі айда «Мәскеу-Ситиде» байқалған үшінші жағдай және мамыр айының басынан бері Мәскеуге жасалған сегізінші шабуыл.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин әуе қорғаныс күштері Мәскеуге кірген дронды атып түсіргенін хабарлады.
Оның фрагменттері «Экспоцентр» аумағына түсті — бұл Кремльден бес шақырым жерде орналасқан көрме ғимараттары мен павильондар кешені.
Ресейлік Telegram арналарында тараған бейнежазбаларда Краснопресненская жағалауындағы зәулім үйлердің үстінен қара түтін көтерілгені байқалады.
Министрліктің мәліметінше, дрон Мәскеу уақыты бойынша таңғы сағат 4-тер шамасында анықталып, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарымен атып түсірілген. Министрлік бұл шабуыл үшін Украинаны айыптады.
«Әуе қорғанысы жүйесінің соққысынан кейін дрон ұшу бағытын өзгертіп, Мәскеудің Краснопресненская жағалауындағы тұрғын емес ғимаратқа соғылды. Құрбандар мен өрт болған жоқ», — делінген РФ Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Украина жағы бұл оқиғаға жауап бермеді.
Мәскеу төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, дрон құлауы салдарынан «Экспоцентр» павильондарының бірі зақымданған.
Краснопресненская жағалауындағы «Экспоцентр» павильондарының бірінде сыртқы қабырғаның жартылай опырылуы байқалды. Құлау алаңы — 30 шаршы метрге жуық», — деп хабарлады ресейлік ақпарат агенттіктері Ресей астанасының төтенше жағдайлар қызметінің өкіліне сілтеме жасап.
Осы оқиғадан кейін Мәскеу әуе кеңістігі уақытша жабылды.