Бір аптада екінші жағдай: Атырауда тағы бір адам көпірден өзенге секірді
Бір аптада екінші жағдай: Атырауда тағы бір адам көпірден өзенге секірді
Атырауда Әлиев көпірінен Жайық өзеніне секірген ер адамды құтқарушылар аман алып қалды. Зардап шегуші жағаға шығарылып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
Оқиға туралы хабарлама төтенше жағдайлар қызметіне түскен. Құтқарушылар дереу оқиға орнына жетіп, арнайы қайықпен ер адамға жақындаған. Оны судан шығарып, жағаға жеткізген. Сол жерде ер адамды жедел жәрдем бригадасы күтіп тұрған.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырып, төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарласу қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, бұл – соңғы күндері Атыраудағы көпірлерде тіркелген екінші осындай оқиға.
8 қарашада қаладағы Орталық көпірден бір әйел Жайық өзеніне секірген болатын. Алғашында әлеуметтік желілерде суға ер адам секіргені туралы қате ақпарат тараған. Кейін оның әйел екені нақтыланды.
Сол кезде өзенде қайықпен жүзіп бара жатқан екі куәгер әйелді дер кезінде құтқарып қалған.