Шығыс Қазақстанда сақ дәуіріндегі обаларға зақым келгені туралы хабар тарады
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы "Шағаноба" археологиялық кешенінде ауыр техникамен жер жұмыстары жүргізілген.
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы "Шағаноба" археологиялық кешенінде ауыр техникамен жер жұмыстары жүргізілген. Әлеуметтік желіде тарихи ескерткіштерге зақым келгені туралы видео тараған соң, полиция мен сала мамандары оқиға орнына барып, тексеріс жүргізді.
Нәтижесінде бұрын қазылған шұңқырлардың топырақпен көмілгені анықталды. Жұмысқа "SRS" ЖШС-не тиесілі ауыр техника пайдаланылған.
Оқиға орнындағы адамдардың жеке басы анықталып, полиция тиісті материалдарды тіркеді.
Сол күні археологтар, тарихи-мәдени мұраны қорғау мамандары, жергілікті әкімдік пен полиция өкілдері нысанды бірлесіп қарап шықты. Жер жұмыстарының іздері фото және видеоға түсіріліп, арнайы акт жасалды. Дегенмен, әзірге ауыр техниканың көне қорғандарға нақты қаншалықты зиян келтіргені белгісіз.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазір жерді қар басқандықтан, археологиялық нысандардың жағдайын толық бағалау мүмкін емес. Сондықтан қосымша зерттеу жұмыстары 2027 жылдың көктемінде жүргізіледі.
Сол кезде қорғандардың зақымданған-зақымданбағаны және келтірілген залалдың көлемі анықталмақ. Қажет болса, археологиялық құтқару жұмыстары ұйымдастырылады.
Оқиғаға құқықтық баға беру үшін тексеру материалдары құқық қорғау органдарына жолданады. Заң бұзушылық анықталған жағдайда кінәлілер жауапқа тартылуы мүмкін. Әкімдік тарихи-мәдени мұра нысандарын заңсыз қазу мен вандализмнен қорғау үшін бақылауды күшейтетінін мәлімдеді.