Бір-біріне медаль тағып мәз болды
Жергілікті шенеуніктер Конституция күніне орай бірін-біріне медаль тағып мәз болды
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Абай ауданына ақынның 175 жылдық мерейтойына орай келіп кете салысымен, «енді өзіміз отырып, бір шай ішейікші» дегенді еске түсіретін қызық көрініс орын алды. Анығын айтқанда, жергілікті шенеуніктер Конституция күніне орай бір-біріне медаль тағып мәз болды. Бұл туралы Абай ауданы әкімдігінің «Фейсбук» әлеуметтік желісінде әкімдік өкілдері өздері хабардар етті. «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медаліне және төсбелгісіне аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров, аудандық мәслихат хатшысы Ерлан Лдибаев, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Думан Нариманұлы, Қарауыл ауылдық округінің бас маманы Нұрланғазы Қуандықов, Тоқтамыс ауылдық округінің әкімі Ақылтай Қалиоллаұлы, бас дәрігер Алмагүл Қабиқызы сияқты басшылар лайық болып шығыпты.
Әрине, кім де болса, өзінің азды-көпті еңбегінің жемісін көріп, медаль, төсбелгі, мақтау қағазын алса да марқайып қалары сөзсіз. Әсіресе, қарапайым ұстаз, медбике, еңбегі сіңген зейнеткер сияқты ел ішінде қадірлі адамдар алып жатса, құба-құп. Алайда, шенеуніктердің бірін-бірі құттықтап мәз болғандығы ешбір аудан тарихында болмаған шығар. Абайдың әйгілі «Мәз болады болысың» атты өлеңі де осындайда еріксіз еске түседі.
Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға,
Шелтірейтіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға,-деп ақын осындай арзанқол атаққа ұмтылатын басшыларды көргенде айтса керек.
Ұлы ақынның туған жеріндегі ұлықтар «ел игілігі мен аудан абыройы үшін тер төгіп жүрген азаматтардан» (әкімдік парақшасындағы мәтін сөзі) құралғаны рас болса, мұндай ерсі қадамға бармас еді. Қауіпі әлі сейілмей тұрған індетке қарсы күресте ауданға оттегі концетраттарын тасымалдап жанұшырған азаматтар еңбегі неге ескерусіз қалды?! Абай тойына орай жүріп жатқан құрылыс жұмыстарында тер төгіп жүрген ерлердің ішінен де ешкім медальға, төсбелгіге лайық емес пе екен, әлде?! Жидебайдағы Абай, Шәкәрім кесенесінің жөндеу жұмыстарында, өздері мақтан ететін домбыра саябағын салып жатқандар арасынан да өңіріне қаңылтыр қадай салуға болатын жан табылмағаны өкінішті-ақ. Есесіне, аудан әкімі Ж.Байсабыров пен мәслихат хатшысы Е. Лдибаев бір-біріне кезектесіп медаль мен төсбелгі тағып мәз-мәйрам болып бір жырғап қалды.
(Суреттер Абай ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)