Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:50, 06 Мамыр 2024

Бишімбаев соттағы соңғы сөзін айтты

в
Фото: из открытых источников

Астанада өтіп жатқан бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың бүгінгі сот отырысында сотталушылар Қ.Бишімбаев пен Б.Байжанов соңғы сөздерін сөйледі, деп хабарлайды Zhasalash.kz сайты.

Ол алғашқы сөзін жақындарынан кешірім сұрудан бастады.

Ата-анамнан, балаларымнан, достарымнан кешірім сұраймын, менің қателіктерім оларды қапаландырды, өміріне ұят, қайғы, уайым мен қорқыныш әкелді. Бірақ, ата-анамның, туыстарымның еш кінәсі жоқ екенін айтқым келеді. Бұл тек менің кінәм және менің ауыртпалығым, деді Бишімбаев.

Сотталушы өзіне тағылған қасақана кісі өлтіру айыбымен келіспейтінін мәлімдеді.

Сол күні кеште мен әйеліме өлім тілеген жоқпын. Жағдай сондай болады деп ойлаған жоқпын. Кінәлімін, бірақ қасақана өлтірген жоқпын. Ұсталғаннан күннен бері шындықты айтып келемін, жасырынуға және жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан жоқпын. Мен қамауға алынғаннан кейін бір-екі күн өткен соң, ешбір негізсіз, сараптамасыз және оны растайтын қорытындысыз асқан қатыгездікпен, қасақана кісі өлтірді деген айып тағылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде неше түрлі ақпараттар тарады. Сол күннен бастап тергеу айыптау бағытында жүрді, деді ол.

Бишімбаев алдағы үкім алқабилердің шешіміне байланысты екенін айтып, бұл істе үгіт-насихат жетегінде кетпей, бейтарап болуға шақырды.

Өзіңізден мынаны сұрап көріңіз: егер сот орындығында экс-министр Бишімбаев емес, қарапайым адам отырса, әлеуметтік желіде осыншама өтірік, жала жабылар ма еді? Сенімді айғақсыз осындай ауыр қылмыс жасады деп айыптар ма еді? Мұндай күмәнді дәлелдерге сенуге, ұзақ мерзімге соттауға бола ма? Бір секундқа елестетіп көріңіз. Жақындарыңызда осындай сот болғанын қалар ма едіңіз? Құдай мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Жиналған дәлелдердің өзі әдейі өлтірілмегенін көрсетеді. Істің мән-жайын естіп, көріп отырған жалғыз адам сізсіздер, объективті, бейтарап болыңыздар, үгіт-насихаттың жетегінде кетпеңіздер. Мен оның өліміне кінәлімін және ауыр зиян келтіргенім үшін, соның салдары өлімге әкеп соққаныны кінәлімін, бірақ қасақаны кісі өліміне емес, деді Бишімбаев.

Жоғары сот мәліметінше, келесі сот отырысы 10 мамыр, сағат 10:00-де өтеді. Онда алқабилердің қатысуымен соттың шешуіне жататын сұрақтарды талқылау және тұжырымдау өтеді. ҚПК-нің 653-бабының 1-бөлігіне сәйкес сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетедi.

Фото: Жоғары сот