Әлеумет

Bloomberg: Ирандағы жағдайдан әлемдік мұнай қоры рекордты қарқынмен азайып жатыр

Ирандағы әскери қақтығыс аясында әлемдік мұнай қоры бұрын-соңды болмаған қарқынмен азайып жатыр. Бұл мұнай бағасының күрт қымбаттауы мен жанармай тапшылығы қаупін күшейте түсті.

Мұнай

 Goldman Sachs дерегінше, әлемдегі көрінетін мұнай қоры 2018 жылдан бергі ең төменгі деңгейге жақындаған.

Bloomberg мәліметінше, Таяу Шығыстағы соғыс пен Ормуз бұғазының жабылуы мұнай қорларының жаппай қысқаруына әкелген. Бұғаз арқылы Парсы шығанағынан әлемдік нарыққа мұнайдың едәуір бөлігі тасымалданатын.

Morgan Stanley инвестициялық компаниясының есебіне сәйкес, 1 наурыз бен 25 сәуір аралығында әлемдік мұнай қоры тәулігіне шамамен 4,8 миллион баррельге азайған. Бұл – Халықаралық энергетикалық агенттік (IEA) тіркеген тоқсандық қысқару рекордынан да жоғары көрсеткіш.

Сарапшылардың айтуынша, қысқарудың шамамен 60 пайызы шикі мұнайға, қалған бөлігі мұнай өнімдеріне тиесілі.

Bloomberg мұнай қорының азаюы бағаның күрт өсуі мен жанармай тапшылығы қаупін күшейтіп отырғанын жазады. JPMorgan мәліметінше, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (OECD) мүше елдер маусым айында “операциялық қысым” деңгейіне, ал қыркүйекке қарай “операциялық минимумға” жетуі мүмкін. Бұл – құбырлар, терминалдар мен қоймалардың қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет ең төменгі мұнай көлемі.

Goldman Sachs сарапшылары соңғы күндері мұнай қорының қысқару қарқыны сәл баяулағанын атап өтті. Бұл әлемдегі ең ірі мұнай импорттаушы – Қытай тарапынан сұраныстың төмендеуімен байланысты.

Соған қарамастан, банк сарапшылары әлемдік мұнай қоры қазірдің өзінде 2018 жылдан бергі ең төменгі деңгейге жақындағанын мәлімдеді.

Тегтер: Мұнай
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз