Қоғам

Бодандыққа бас ұрмағандар

Өткен ғасырдың 65–72 жылдары Ащысай түсті металдар комбинатында елеулі оқиғалар орын алды.

Бодандыққа бас ұрмағандар

Түсті металдар комбинаты бүкіл Кеңес одағына белгілі, дүниежүзіне аты шыққан үлкен тау-кен байыту өндіріс орны болатын.

Жерасты қаражұмыстың барлығында қазақ ұлтының жұмысшылары болды да, кеңседегі басқару қызметтерінде сырттан келген өзге ұлт мамандары қызмет етті. Бұл басқару қызметтеріне мүмкіндіктері бола тұрса да жергілікті мамандар – тау-кен инженер техниктері қабылданбайтын. Жоғары оқу орнын бірге бітіріп келген қазақ инженері ең төменгі ауысымға қаладан алыс кеніштерге, ал басқа ұлттың жігіті қаладағы жоғары орынға қабылданатын. Бұл жағдай ондаған жылдар бойы өзгермеді. Міне, осындай келеңсіз жағдайлар, яғни кадр мәселесі жөніндегі солақай саясат – қазақ инженерлерінің намысына тие бастады. Ақырында он бес жылдық ақпараттар архивтен жиналып, сол кездегі Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа хат дайындалды. Оған 43 қазақ инженері қол қойып, хатты Әнуархан Айменов бастаған үш жігіт ақсақалға қолма-қол тапсырады. Бұл мәселе туралы Өскенбай Құлатайұлының «Тағдыр», «Елу жылда ел жаңа» кітаптары жазылып, «Арпалыс» атты деректі фильм де түсірілді.

Ә.Айменов туралы айтар болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында 1934 жылы 18 тамызда дүниеге келген. 1954 жылы Шымкент қаласындағы №7 мектеп-интернатында оқып, оны алтын медальға бітіреді. 1959 жылы Алматыдағы Тау-кен металлургия институтын тәмамдайды. Еңбек жолын Ащысай түсті металдар комбинатының «Западный» кенішінде ауысым шеберлігінен бастайды.

Әнуарханның үлкен ұлы Еркін Айменов өз естелігінде «Әкем Әнуархан Айменов 44 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды. Шындықты көксеген, адамгершілігі жоғары, өте білімді, қазағын сүйетін, Кентаудағы ұлт мамандарының бірі еді. Әттең, уақытынан ерте туды, ерте кетті. 37-ші жылы «елім, қазағым» деген Алашордашы азаматтар ел басшыларынан қуғын-сүргін көріп, ақыры сол жолда қаза болса, отыз жылдан кейін 67-ші жылдан «сыпайы» саясаттың қуғынында болған әкем де ақыры араға он жыл салып, 1977 жылы өкінішпен, қатты науқастанып қайтыс болды. Елім деген ерлердің шындыққа жетуі, әділдік жолы қандай ауыр еді. Шындықты көксеген көңіл осылай ерте сөнді» деп еске алады.

* * *

Орталық комитеттен шығарылған комиссия хатта көрсетілген фактілерді, зерттеп, тексеріп анығына көз жеткізген соң, Комбинат директоры И.Г.Тараканов орнынан босатылады. Осы хаттың нәтижесінде, республиканың басқа өндіріс орындарында да кадр мәселесі жөнінде келеңсіз жағдайлар анықталады. Әрі облыс басшыларына жергілікті мамандарды тәрбиелеу, өсіру жөнінде арнайы тапсырмалар беріледі. 

«Ащысай комбинатының директоры Мауленқұлов, Шымкент Қорғасын зауытының директоры Қобдабергенов, Зыран комбинатының директоры Жақсыбаев, Өскемен мырыш комбинатының директоры Күленов сияқты азаматтар осы хаттың арқасында өздерін көрсете білді, өсті» деп тұжырымдайды бұрынғы Кентау қалалық партия комитетінің хатшысы Әуезхан Жәкішев.   

Осы оқиғадан соң Әнуарханды Кентаудан алыс жүрсін деп Алжирге 2 жылдық командировкаға жіберіп, 1969 жылы елге келгеннен кейін, Кентау қаласынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Байжансай кенішіне  жіберіледі. Ол жерде де сол баяғы басшылар – басқа ұлттың адамдары. Бұл жерде де қазақ мамандары бас көтерді. Еркімбеков, Сағындықов деген жігіттер сатқындық жасап, бір топ қазақ инженері партия комитеттерінен сөгіс алып, жұмыстарынан босады. Ал Әнуархан Айменов болса, сол кездегі тоталитарлық-шовинистік, жүйенің құрбаны болды. Партиядан шығарылып, жұмыстан қуылды.

Сол кездер әлі көз алдымда. Кеніштің бастығы Заяц Борис Семенович деген кісі әлгі екі сатқын жігіттерден қолма-қол қай жерде кездестіңдер, қандай әңгіме болды деп жазбаша түсінік алып алады. Ол кезде жылдық партия есеп беру конференциясы болатын. Біздер 8 жігітпіз. Сол жиналыста біз кеніш басшыларының кадр мәселесіне бір жақты қарайтындығы, кеніштегі кеннің азайып бара жатқандығы, оны толтыру үшін барлау жұмыстарының жүрмей жатқандығы туралы айттық. Содан осы сынымыз өзімізге басқаша көзқарас туғызып, бәле болып жабысты. Әлгі екі сатқын жігіттің жазбаша түсініктері іске қосылды.

Партия конференциясы біткеннен кейін, бір апта өткен соң Кентау қалалық партия комитетінің өндіріс жөніндегі хатшысы Кабиров келіп кезектен тыс Байжансай кенішінде парт бюро өткізді. Біздерді шақырып, «осындай да осындай сендер бірігіп партияға қарсы әңгіме өткізіпсіңдер, бұл партия Уставына қарсы әрекет» – деп біздің айтқан уәжімізге қарамай, бізге «партияға қарсы топ» деген айдар тағып, қатаң сөгіс жариялап, есеп карточкамызға жаздырып жіберді.

Содан 6 мыңдай халқы бар Байжансай кенішінде біздер партияға қарсы топ (антипартийная группа) болып шыға келдік. Жұмысымызды істеп жүрміз. Бірге жүрген жолдастар бізден қашатын болды. Өйткені телефонымыз тыңдалады.

1986 жылғы желтоқсан көтерілісінде де белгілі азаматтар сол жастарды даттап шыққан жоқ па? Кімнің-кім екені басқа іс түскенде белгілі болады екен ғой.

Міне, осы атышулы хаттың жазылғанына биыл 57 жыл толып отыр. Осы Ащысай түсті металл комбинатында осыдан 57 жыл бұрын болған уақиға туралы академик Мәмбет Қойгелді былай дейді: «Әнуархан Айменов басқарған 43 инженер-техник жігіттер шындықты ашуға тырысты. Ал оларға шындықты айту жеңілге түскен жоқ. Олар құпия ұйым құрып, белгілі бір үйлерде жасырын түрде жиналып, мәселені талқылап, мұрағат құжаттарынан материалдар жинап, справка, анықтамалар даярлап, орталық комитет үшін, облыстық партия комитеті үшін әрекет жасағанын көреміз. Ал енді осы әрекеттің барлығы жабық түрде жүрді. Ол ненің көрінісі? Ол қазақ халқының, Қазақстанның сол 60 жылдар ортасында отарлық, тәуелділік жағдайында болған көрініс, бұл тарихи факт. Бұдан кете алмайсыз, бұл содан кейін ұлттың жүріп өткен жолы ретінде, тарихи тәжірбиесі ретінде міндетті түрде талдауға алынуы тиіс. Ең алдымен, ғылыми талдауға алынуы тиіс. Қазіргі тұрғыдан алған уақытта, мынау Әнуархан Айменов бастаған жігіттердің үлкен тарихи маңызы бар еңбектерін бағалауға болады.

… Бұл ненің көрінісі, бұл ең алдымен айтатын нәрсе 1930 жылдары жүргізілген  саяси репрессия  Қазақстандағы, содан 30 жыл өткеннен кейінгі уақытта қазақ халқының, оның инженер кадрларының интеллектуалдық деңгейінің өскендігінің көрінісі.

… Егер бұл мәселенің тура бетін ашып, анығын айтар болсақ, 60 жылдардың ортасында Кеңестік тоталитарлық режим өзінің ұлт кадрларына байланысты репрессия саясатына көшуге даяр екендігінің көрінісі болатын. Соған даяр  екендігін байқатты. Бұл жағдай тағы да бір 20 жыл өткен соң 1986 жылы Алматыда бір көрініс тапты.

… Факты бойынша келесі тұжырым оны да айтпай кетуге болмайды. Мынау азаттық деген сөз, тәуелсіздік деген жақсы сөз. Ол ұлт үшін өте маңызды құндылық. Мән-мағынасын жоғалтпайды. Бірақ ол құндылық нақты шындыққа қашан айналады. Қашан ұлт өз жерінде өнеркәсіп орындарында шешуші факторға айналғанда. Қазақстан жеріндегі мынау өнеркәсіп орындарында істейтін жұмысшылар, инженер-техник кадрлар, жергілікті қазақ ұлтының өкілдері болғанда. Олар жалпы ұлттың мүддесін сол өнеркәсіп орындарында жүргізе алғанда ғана біз тәуелсіздік деген нәрсенің нақты нәтижесін көреміз. Оған дейін ол жай сөз болып қалады. Бұл маңызды фактор. Осы тұрғыда Кентау уақиғасы Ащысай түсті металл комбинатында орын алған фактор. Бұл кең тұрғыдан қарауды, талдауды қажет ететін тарихи уақиға, тарихи факты болып табылады. Біз бұл тарихи айғақты болашақта терең ғылыми түрде қорытуымыз керек. Онсыз ұлттық дамуда алға басу мүмкін емес».

Ал енді хатқа қол қойған сол кездегі 25-30 жастағы, басын қатерге тігіп, қазақ инженерлеріне жол ашуға ат салысқан азаматтардың қалғандары 80 мен 90-ның арасында қария болып отыр. Әбдыхан Бегімбетов, Марат Бітімбаев, Қайырбай Сейілханов, Исахан Жұмабаев, тағы басқаларға амандық тілейміз. Көбісі осы күнге жете алмай о дүниелік болып кетті. Сол заманның батырларының жатқан жерлері жайлы, имандары саламат болсын!

Тегтер: Без Тега
Өскенбай Құлатайұлы
Өскенбай Құлатайұлы Өскенбай Құлатайұлы

Оқыңыз