Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:57, 30 Шілде 2024

Бокс. «Қазақ салмағынан» бақ тайды ма?

Асланбек Шымбергенов
Фото: olympic

2000 жылы Ермахан Ыбырайымов бастап, 2016 жылғы Данияр Елеусіновтің жетістігіне дейін жалғасқан «қазақ салмағы» соңғы екі олимпиадада бізден сырт айналып тұр.

Е.Ыбырайымов Сиднейде 71 келіде топ жарды. Кейін АИБА салмақ дәрежелеріне реформа жасап, 67 және 71 келілер ортасынан 69 келіні олимпиялық салмақ санатына қосты.

2004 жылы Афинада – Бақтияр Артаев, 2008 жылы Бейжіңде – Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондонда – Серік Сәпиев, 2016 жылы Риода Данияр Елеусінов дәл осы салмақта қазақ боксының абыройын аспандатты.

Бірақ 2021 жылы Токиода осы салмақта шаршы алаңға шыққан Абылайхан Жүсіпов бірден жеңілді, ол 1/8 финалда финалда америкалық Деланте Джонсонға 1:4 есебімен жол берді.

Ал Парижде 71 келі қайта орнына келді. Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы Асланбек Шымбергенов алғашқы кездесуде Зияд Ишаиштен (Иордания) төрешілердің аралас шешімімен 2:3 есебімен жеңіліп, жүлдеден үміт үзді. «2023 жылы әлем чемпионы атанған Шымбергенов енді олимпиадада озса» деген қалауымыз орындалмады.

Токио олимпиадасының чемпионы Рониел Иглесиас (Куба) бұл жолы қатысушылар қатарында жоқ. Демек, «қазақ салмағының» алтыны енді басқа елдің ұланына бұйыратыны анық.

Есей Жеңісұлы