Боксшы Сәкен Бибосыновқа сыйға тартылған пәтер жалдамалы баспана болып шықты
Ташкенттен жүлде әкелгендер пәтерлі болды, мен әлі жүрмін – Сәкен Бибосынов
Бокстан олимпиада және әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа берілген екі бөлмелі пәтер жалдамалы баспана болып шығып, бұл спортшының жеке наразылығын тудырды. Түркістан облысының экс-әкімі боксшыға үй кілтін 2021 жылы тапсырғанымен, әлі күнге дейін спортшының атына рәсімдеу мүмкін болмаған.
«Елімізде қабылданған заңға сәйкес, Олимпиада жүлдегерлеріне пәтер берілуі тиіс. Ал әлем чемпиондарына заң бойынша қарастырылмаған. Бірақ демеушілердің көмегінің арқасында табысталады. Маған сол кездегі облыс әкімі екі жетістігімді бірдей ескеріп, екі бөлмелі пәтердің кілтін берді. Бірақ ол менің атымда емес. Арендалық пәтер», – дейді Сәкен Бибосынов.
Бұл ақпаратпен Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов басылымға берген сұхбатында бөлісті. Оның айтуынша, жалдау шарты 2022 жылдың соңында біткен, сыйға тартылған баспанаға қарамастан, жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Бибосынов осындай жағдайға тап болған кезде өзге өңірлерден келген чемпиондарға үш бөлмелі пәтер берілгеніне қынжылатынын айтты.
Қазіргі уақытта спортшы өз атына пәтер рәсімдей алмайды, үйін босатуды сұраса, ол бұл талапты орындауға мәжбүр болады.
Телерадио жүргізушісі Қуат Ахметжанов Бибосыновтың бұған дейін Түркістанға көшіп келіп, «Тұран» бокс клубында жаттығып, жастарға шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлағанын, бірақ баспана мәселесіне байланысты бұл жоспарлары қиын болып шыққанын айтады.
Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы берілген пәтердің жалға берілетінін растады, бірақ қазіргі уақытта демеушілер бұл мәселені шешумен айналысып жатқанын және баспананы Сәкен Бибосыновқа беруге уәде беретіндерін жеткізді.