Елена Рыбакина Қазақстан құрамасына көмектесе алмайтынын мәлімдеді
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина биыл Билли Джин Кинг кубогында ұлттық құрама сапында өнер көрсете алмайтынын мәлімдеді.
Теннисші бұл туралы Instagram парақшасында жазды. Оның айтуынша, соңғы бір ай денсаулығына ауыр тиген, сондықтан жарыстарға қайта оралу үшін толық қалпына келіп, бабына түсуі қажет.
«Биыл Билли Джин Кинг кубогына қатыса алмайтынымды өкінішпен хабарлаймын. Шэньчжэньдегі турнирді өткізіп алатыным қынжылтады. Ол – тамаша жанкүйерлері бар керемет жер еді», – деп жазды Рыбакина.
Спортшы Қазақстан құрамасындағы қыздарға сәттілік тілеп, қолдау білдірді.
Билли Джин Кинг кубогының аталған кезеңі Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтеді.