Бокстан ерлер құрамасы уәделерін орындамады - Маржықпаев
ҚР Туризм және спорт министрлігі Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысын өткізді.
Отырысқа Президент Әкімшілігінің, Үкімет аппаратының, депутаттық корпустың өкілдері, сала ардагерлері, Олимпиада жүлдегерлері, құрметті бапкерлер, өңірлік басқармалардың, федерациялардың, ведомствоға бағынысты ұйымдардың басшылары, сонымен бірге БАҚ өкілдері қатысты.
Спорт министрі Ермек Маржықпаев бокстан ерлер құрамасы Олимпиадада үздік нәтиже көрсете алмағанын айтты.
«Бокстан ерлер құрамасы барлық салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Міндеттемелері бойынша олар 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль алуға уәде берді. Негізі, команда тек 1 күміс жеңіп алды. Екінші ойын қатарынан спортшылар бірде-бір алтынға қол жеткізе алмады. Бұл Олимпиадада бокстан ұлттық құрама үздік нәтиже көрсете алмады», деді ол.
Сонымен қатар, Ермек Маржықпаев міндеттемелерге сәйкес еркін күрес командасы қола медаль алуға уәде бергенін атап өтті. Алайда спортшылар ширек финалға өте алмай, бірінші айналымнан шығып қалды. Тіпті медаль жеңіп алу жағынан ең сәтсіз деген Токио Олимпиадасында қола медаль болғанын еске салды.